Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы «Атакент» іскерлік көрме орталығы аумағындағы ағаштар оталмайды

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2019
  • 3785

"Бұл - жалған ақпарат" - Алматыдағы Атакент көрмесі маңындағы ағаштардың оталуына байланысты Айдын Рақымбаев дәл осылай деп мәлімдеді. Ол Фейсбукте бұл тақырыпқа байланысты өз пікірін білдірді. Күні кеше көрме орталығының басшылығы баспасөз мәслихатында бірнеше мың ағашқа қауіп төніп тұр деген еді. Еске салсақ, алып шаһар әкімдігі Көрме орталығының басшылығын бірнеше рет сынға алып, асфальт астында қалған субұрқақтар мен өсімдіктер үшін бірнеше рет ескерту де жасалған. Атакент көрме орталығы қалай жаңғырады? Нұрсұлтан Біләлдің материалында. 

Алматы қаласындағы "Атакент" іскерлік орталығын қайта жаңғырту жобасы аясында 9 мың түп ағаш жойылады деген алып -қашпа әңгімеге бүгін нүкте қойылды. BI Group компаниясының директоры Айдын Рақымбаев ағаштар оталады деген ақпарат жалған деп мәлімдеді. Оның компаниясы былтыр конвеншн-орталық тұжырымдамасын ұсынған болатын. 

Айдын РАҚЫМБАЕВ, «BUILD INVESTMENT GROUP» ХОЛДИНГ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кеше 9000 ағашты отауға және осы жерде жол айрығын салуға қатысты жалған ақпарат шықты. Өкінішке қарай, бұл ақпаратты Атакентте сауда орталығын салумен айналысқан компания таратып отыр және олар соны кеңейтуді көздеген болар.

Меншік иелері аталған аймақты дамыту бойынша міндеттемелерін толық атқармағандықтан өткен жылы әкімдік 23 гектар жерді қала меншігіне қайтарған еді. Каскадты субұрқақтар мен біраз жасыл желек асфальт астында қалып, саябақ маңы көлік тұрағы мен базарға айналған болатын. Тексерістен кейін жер телімін жалдау туралы келісім бұзылды. Көрме кешенінде айтылған ескертпелер қабылданды. 2020 жылға қарай мұнда 300 қылтанақты ағаш отырғызылады. Ал саябақтың батыс жағында құс қора салынады.  

ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мы очень рады что выставка перешла в собственность города... Біз көрме орталығының қала меншігіне өткеніне қуаныштымыз. Қазірдің өзінде оң өзгерістерді байқауға болады. Негізі мұндай жерлер жалға берілмесе екен дейміз.

"Атакент" орталығын қайта жаңғырту аясында көлемі 20 мың шаршы метр болатын 6 көрме павильоны салынбақ. Құрылыс жұмысына 1 миллиард теңге бөлінген. Бұл тек инвесторлар қаражатынан бөлінетін сомма. Аталған аймақта туристік маршрут жасау жоспарланып отыр. Бұл бағдарға екі эко электробус қызмет ететін болады. Мұндағы саябақ аймағы 30 гектарды алып жатыр. 59 түрлі 10 мыңға жуық ағаш жайқалып тұр. Ал күзде тағы 400 түп ағаш егу жоспарланған.

Н. Біләл