Русский Сайттың толық нұсқасы

Walt Disney-дің «Арыстан Патша» анимациялық фильмі қазақ тілінде көрермендерге жол тартты

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2019
  • 20305

Қазақ тіліне дыбысталған шетелдік фильмдер прайм-тайм уақытта көрсетілуі керек. Мәдениет және спорт министрлігі осыған көңіл аударуы керек. «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы осылай деп отыр. Бүгінде фильмдер демеушілердің қаражатына дыбысталады. "Өзіңнен баста" жобасына «Nur-Otan» партиясы және Алматы қаласы әкімдігі мұрындық болған. Бүгін көрерменге жол тартқан "Арыстан патша" анимациялық фильмі де кәсіпкерлердің арқасында қазақша сөйледі.

Бұл осыдан 25 жыл бұрын шыққан әйгілі «Арыстан Патша» мультфильмінің анимациялық нұсқасы. Бұл «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған шетелдік фильмдердің 31-шісі ғана. Жоба жетекшілерінің бірі Динара Чайжунусова дубляждалған туындылар прайм-таймда көрсетілмейтінін айтты.   

Динара ЧАЙЖУНУСОВА, «БОЛАШАҚ» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ :

8 жыл осы жұмыспен айналысып келгелі фильмдері демеушілердің көмегімен дубляждадық. Қазақ тіліндегі контенттің көп болғанын қалаймыз. Дегенмен қазақ тілінде аударылған фильмдерді халық көрмейтін, қолы бос емес уақыттарға қойып келді. Ол мәселені де көтеріп жүріп, заң жобасына тиісті ұсыныстар енгіздік. Осы бағытта тоқтап қалмас үшін енді Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, жалғастыруы керек деп есептейміз.   

Демеушілердің берген қаражаты жылына тек санаулы ғана шетелдік фильмді дубляждауға жетеді. Келісімшарт бойынша 2020 жылға дейін "Арыстан патшадан" бөлек тағы 7 туынды қазақ тілінде сөйлемек.   

Дыбысталған анимациялық фильмді өңдеу оңай шаруа емес. Кейіпкер дауысын алдымен Walt Disney компаниясы қабылдайды. Мәселен, «Тимон» рөлін дубляждауға танымал қазақстандық актер Дәурен Серғазин таңдалған.  

Шах-Мұрат ОРДАБАЕВ, ДУБЛЯЖ РЕЖИССЕРІ: 

Кастингтің өзіне шамамен 2 аптадай уақыт кетеді. Жалпы дыбыстау кезеңіне 50 күндей уақыт кетеді. Оның шамамен жартысы мәтінмен жұмыс істеу, аудару, үйлестіру...

Көрермендер шетелдік фильмнің орыс тіліндегі нұсқасын көріп жүргенімен, қазақшасын тамашалауға асыққандардың қарасы қалың. Осылайша, қазақ тілі әлемдік киномотаграфия саласында өз орнын алды. Әрі түркітілдестер ішінде Walt Disney компаниясы туындыларын дубляждаған екінші тіл - қазақ тілі болып отыр.   

- Бұл фильм мен үшін ерекше болып қалады жүрегімде, өте күшті фильм! 

- Осындай «Арыстан Патша» сияқты қазақ тілінде фильмдер көп болса, керемет болушы еді.

Ә. Өмірзақ