Русский Сайттың толық нұсқасы

Арысқа Ресейден әскери делегация келді

  • AstanaTV
  • 19 шілде 2019
  • 2839

Арыстағы жарылыс бұдан да жойқын болуы мүмкін еді. Ресей Әскери күштері инженерлік әскерлер басқармасының басшысы осылай деп мәлімдеді. Бүгін ресейлік әскери делегация Арысқа келген болатын. Олар төтенше жағдай салдарын жою жөнінде кеңес беру үшін және оқ-дәрілерден аумақты тазарту, саперлық жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде кеңес беруге келген. Делегация құрамында Ресей Әскери күштерінің инжинерлік-саперлық, артиллериялық бөлімшелерінің бас мамандары бар. Олар жойқын жарылыс салдарын жоюда қазақстандық әріптестеріне жоғарғы баға беріп отыр. 

Алексей ЗОТОВ, РФ ӘСКЕРИ КҮШТЕРІ ИНЖЕНЕРЛІК ӘСКЕРЛЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Осы жерде қызмет еткен әскерилер мен құзырлы органдардың жедел әрі ұйымдасып жұмыс істеуінің арқасында жойқын жарылыс салдары төмен деңгейде болды. Дәрірек айтсам, осыншама оқ-дәрілер сақталған қойманың жарылуы салдары бұдан да көп болар еді. Мұндай жарылғыш заттарды сақтауда ешкім төтенше жағдайдан сақталмаған. Осындай аптап ыстықта қаланы тазартып үлгерген әріптестеріміздің жұмысын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта жақын аумақты зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгін премьер-министр Асқар Мамин Арысты қалпына келтіру жұмыстарын бақылады. Үкімет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапары барысында зардап шеккен үйлерді, әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілерді қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазір Арыс қаласында мың жарымнан астам жекеменшік тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталған, жеті мың жеке тұрғын үйде және жүзге жуық көпқабатты үйді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкімет басшысы Арыс қаласының тұрғындарымен кездесу кезінде қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстарға барлық өңірлер, ұлттық компаниялар, еліміздің ірі бизнес өкілдері белсене қатысып жатқанын атап өтті.

Н.Біләл