Қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтың кінәсін тағы бір шетелдік сот растады. Мұны бүгін Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы айтты. Нью-Йорк штатының Округтік соты айыпталушыға қарсы санкциялар қолдану туралы шешім шығарған. Судья Кэтрин Паркер Әбіләзов қолындағы құжаттарды қасақана жасырып, қойылған сұрақтарға әдейі жауап бермеді деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, бұдан былай өзін қорғауға арналған қосымша материалдар өткізуге тыйым салды. Бұған дейін Лондонның Жоғарғы соты экс-банкирді 22 айға қамау туралы үкім шығарған. Оның үстіне Әбіләзовтың саяси қуғынға ұшырағаны туралы дәлелдерін жоққа шығарған еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Әбіләзов ісі бойынша 17 күдіктіге қатысты тергеуді жалғастырып келеді. Ал тағы 7 сыбайласының ісі Алматы сотына тапсырылды.
Сергей ПЕРОВ, ҚР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:
Прокуратура Ресейдің үш, Украинаның бір азаматы мен үш қазақстандық бойынша айыптау актісін бекітті. Олар тергеуге толық көмек көрсете отырып, Әбіләзовтің ақшаны ұрлау және жылыстату бойынша қылмыстық схемаларын егжей-тегжейлі ашты. Қылмыстық іс Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотында қаралады.
Д. Қайыртай