Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда 9 қабатты үй тұрғындары 20 жылдан бері лифті күтіп жүр

  • AstanaTV
  • 05 тамыз 2019
  • 4011

Ал Петропавлда 9 қабатты үй тұрғындары 20 жылдан бері лифтісіз өмір сүріп келеді. Өз беттерінше жедел саты алуға қалталары көтермейді. Сондықтан, қаржыны бөліп төлеуге мүмкіндік беретін бағдарлама болса, деп жергілікті биліктен жәрдем сұрап отыр. Атқамінерлер қаржы мәселесін қалай шешіп бермек? Тақырыпты тілші толықтырады.

Владимир Воробушкиннің соңғы жылдары 6 рет жүрегі ұстап қалған. Зейнеткер үшін кез-келген қимыл-қозғалыс зиян болса да, ол 9-шы қабатқа күнде жаяу көтірілуге мәжбүр.  

Владимир ВОРОБУШКИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Егер мен төменге сатымен түссем бір-екі қадам жүріп, тоқтап демаламын. Әйтпесе, тысқа шығу мүмкін емес. Дәрігерімнің өзі келген сайын таңқалады «Сіз шынымен тоғызыншы қабатта тұрасыз ба?» деп. Мен төменге түспес үшін қайта-қайта келеді .

9 қабатты бұл үйде қариялар да, жас аналар да тұрады. Тұрғындар баспананы таза, әрі тап-тұйнақтай ұстап отыр. Үйдің жалпы жағдайына қатысты мәселе жоқ. Тек лифтіні 20 жылдан бері күтіп жүр. 

Татьяна ПРЕДАТКИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:    

Біз келгеннен лифт жоқ. Менің осы үйде аяғым ауыр болды. Балам қазір өсіп қалған. Сөмке мен арбаны арқалап жүріп жөндеу де жүргіздік. Азап бәрі.

Тұрғындар мәселені бұрын да шешуге тырысқан. Тіпті тұрғын үй кешенін қайта жаңғырту бағдарламасына қоспақ болыпты. Өз қаржыларына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеген. Алайда, 2014-жылы ол бағдарлама тоқтап қалады.  

Ольга КАЗАНЦЕВА,  «ХИМЕНКО 9» ПИК ТӨРАҒАСЫ: 

Мен мұнда 30 жылдан бері тұрамын. Алғашқы 8 жыл бойы лифт істеп тұрды. Қайта құру кезінде лифтілер өртеніп, барлық сымдары қолды болды. Енді міне 22 жыл бойы лифтсіз отырмыз. Бізде барлық құжаттар бар, жиналыс өткізілді, лифтіге ақы төлеуге дайынбыз.

Қала әкімдігі бұл жұмыстарды жеделдетіп жүргізе алмайтындарын айтады. Қазір Петропавлда 178 лифт ауыстыруды және күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Алдағы уақытта бір шешімі болады деді.  

Мадияр ЖАНГУДИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ЖЕР ҚАТЫНАСТАР БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ м.а.: 

Индустрия және инфрақұрылымды дамыту Министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Әкімдіктер лифт жабдықтарын күрделі жөндеп, кейін қаражатын қайтару негізінде қаржыландыруға рұқсат алғысы келеді. Егер бұл заң жобасы қабылданса, әкімдіктер лифт жабдықтарын жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіруге құқылы болар еді.

Бір жолаушылар лифтінің орташа құны 8-9 миллион теңгені құрайды. Тұрғындар барлық соманы жинай алмайды, бірақ оны орнату ақысын бөліп төлеуге дайын. Осындай ұсыныспен олар қалалық әкімдікке жүгінді. Енді шенеуніктердің жауабын күту ғана қалды.  

Д. Әлімқұл