Русский Сайттың толық нұсқасы

Базардағы қойма өртенді

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2019
  • 2433

Елордада көтерме баға тауарларына арналған қоймадан өрт шықты. Төтеншеліктер отты 45 минуттың ішінде ауыздықтаған. Ғимараттың 500 шаршы метрінің күлі көкке ұшты. Зардап шеккендер жоқ. Оқыс жағдайдың себебі анықталып жатыр. Ал кәсіпкерлер шығынның өтеуін кімнен сұрарын білмей дал. Данияр Қайыртай толықтырады. 

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін таңға жуық «Биг Шанхай» базарының аумағындағы 30 бутик өртенді. Қоймада негізінен азық-түлік сақтаулы тұрған. Қазір кәсіпкерлер өздерінің бүтін тауарларын шығарып, тасып жатыр.

Бір қарағанда базардағы сауда күндегідей қызып тұрған секілді. Сатып алушылар түгілі, кей саудагерлердің өзі оқыс оқиғадан хабарсыз.  

- Мен таңертең келмеген едім. Көрген жоқпын не болғанын. Бізге ешқандай хабар болған жоқ ондай. Өзіміз өрт қауіпсіздігін сақтаймыз. 

- Жаңа көріп тұрмын. Жаңа көріп, ішім ашып тұр да обалсынып.

- Мұндағы тауарлар тоңазытқыштарда сақталады. Ал оны қалай түнгі бетке өшіріп кетесің? Соның бірі тұйықталып қалуы да мүмкін. Кейбіреуінің қондырғысы ескі болған шығар.

Өртенген қойманың ішін таспаға түсіре алмадық. Кей есіктерді шегелеп үлгерген, енді біреуінің аузын күзетшілер қорып тұр. Айтпақшы, ғимараттың іші отқа оранғанын осы күзет қызметі «101-ге» хабарлапты. 

Аягөз ФАЗЫЛОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Күзетшілер есікті ашқан кезде өрттің лаулап жатқанын анықтаған. Біз өрт сөндірушілер келген кезде өрт лаулап жанып жатқаны белгілі болды. Сондықтан 30 бутик зардап шекті деп айтып отырмыз, соның 15-нде әр түрлі күйіп кеткен, материалдары жанып кеткен, бутиктердің сыртқы бөліктеріне зақым келгені анықталды.

Батырхан Кекбаев «Жәрмеңке» аталатын қоймадағы орнын 110 мың теңгеге жалдап отырған. Саудамен 11 жылдан бері айналысып келе жатқан ол осы жерге 4 жарым ай бұрын ғана ауысыпты. Енді қызыл жалын кесірінен қып-қызыл шығынға батқан.  

Батырхан КЕКБАЕВ, КӘСІПКЕР: 

Сигаретпен заниматься етем. Енді біраз нәрселерім жанып кетті. 11 млн-дай жобалап өзім ойымда. Жанып кеткен. Соны білмеймін енді, қалай, не істейтінімді. Шығынды білмеймін әлі бастықтармен кездескен жоқпыз. Айта алмаймын. Сақтандырылған жоқпын.

Базар әкімшілігімен біз де кездесе алмадық - есіктері бекітулі. Телефонға да жауап берген жоқ. 

Жалынның қайдан шыққаны анықталса, күлге айналған тауардың өтеушілері де белгілі болып қалар. Негізі Төтенше жағдайлар департаменті осы жылдың басында ғана базарда нұсқаулық жүргізіп, жадынама таратқанбыз деп отыр. Ал жылдың екінші жартысына өртке қарсы талаптардың сақталуына байланысты тексеру жоспарланған. 

Д. Қайыртай