Астаналықтарды әуре-сарсаңға салған қауіпсіздік сертификатын тестілеу аяқталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылғыға орнатқан бағдарламаны өшіріп тастауға болтанын хабарлады. Сертификат алдағы уақытта ақпараттық шабуыл, қандай да бір қауіп-қатер төнген жағдайда ғана халыққа ескертіп барып, іске қосылады, дейді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне атқарған жұмысы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, бұдан былай интернет қолданушыларға кедергі болмайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
Киберқалқан бағдарламасы бойынша қауіпсіздік сертификатын тестілеудің жедел аяқталуы сырттан қауіп төнгенде техникалық жабдықталу деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Мұндай жағдайлар бұрын болған. Ең бастысы - ҚР интернет қолданушыларына қолайсыздық болмайды. Қауіптенуге еш негіз жоқ .
Еске сала кетсек, шілде айының ортасында ұялы байланыс операторлары астаналық абоненттерді қауіпсіздік сертификатын орнатуға үндеді. Ол қолданушыларды интернеттегі қауіпті контенттен қорғайды делінген. Бірақ сарапшылар сертификат жеке мәліметтерге қол сұғуға әкеледі деп қарсы шыққан. Соңғы күндері астанада гаджет арқылы әлеуметтік желілерге кіру тіпті мүмкін болмай қалған еді.
Ә. Өмірзақ