Елордада бір топ әйел әкімдік қызметкерлерін бопсалап, жеке мәселелерін шешпек болған. Жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы арнамызға берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді. Әкімдік алдынан шықпайтын аналар нені талап етіп отыр? Тілші тарқатады.
Әкімдікке барып, шу шығарған 15 шақты ана миллиондаған қарызын жаптыруды көздеген. Айгүл Таласованың айтуынша, олар баспананы желеу етіп барып, негізсіз талап қойған. Тіпті, көнбеген жағдайда көпбалалы аналарды жинап, «бас көтереміз» деп қорқытыпты.
Айгүл ТАЛАСОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
14-15 шамасында отбасылар келіп, несиелерді өтеуді сұрап отыр. 15-20 млн. Бірақ ол заңды емес. Олар оны өтемесеңдер, біз әкімдікке келіп 300 отбасыны алып келеміз деген. + Көпбалалы отбасылардың әкімдікке келіп, қорқытып, үркітіп, жеке басының мәселелерін шешуі заңсыз.
Ақгүл Торғанбаева бірнеше күн бұрын әкімдікке барып, шағым айтқан аналардың бірі. 5 баласы бар келіншек жұмыссыз. Біз биліктен әлеуметтік көмек емес, жәрдемақы сұрадық, дейді. Әр балаға тұрмыстық жағдайына қарамай ақ, 42 мың теңге берілуін талап еткен. Ал мектепке қажетті заттардың орнына, ақша берсін деп отыр.
Ақгүл ТОРҒАНБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Арғы жылы әр балаға 120 мың теңгеден берілген. Ақшалай берілсін деп отырмын. Себебі, ата-аналар өздері көріп, өздері ұстап, киім алғысы келеді. Бой жетіп қалған балалары ұялады әлекметтік педагогтан барып киім алуға.
Ал белгілі сыншы Әмина Құрман қазақ өмірге өз ырыздығымен келген бала санын айтпаған. Баланы санап, нығметке күпірлік етуді жаман ырымға балаған, дейді. Ол бала алдында жауапкершілікті сезінбейтін бүгінгі аналардың әрекетіне қапалы.
Әмина ҚҰРМАН, СЫНШЫ:
Ол баланы тапқан кезде осыны маған үкімет бағып береді екен деп тапқан жоқ қой. Қолдарына балаларын жетелеп, атамыз қазақта 10 баласы болса да, бір баладай бітірмеген. Кешегі 70-жылғы ата-аналардың өздерінде кем дегенде 5 баладан болған. Сол кезде бір жерде жатып, үй сұрап, болмаса пәленбай дүние сұраған адамды естідік пе?! Көрдік пе?! Бұл біздің қазақтың ұлттық менталитетіне мүлдем келмейді.
Еске салайық, Нұр-Сұлтанда сәуірден бері жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 5 500 отбасыға беріліп келеді. Оның ішінде 3 мыңнан аса отбасы көпбалалылар санатында. Бұл дегеніміз, 20 мыңға жуық адам. Бұдан бөлек, наурызда 14 мыңнан аса көпбалалы ана бір реттік ақшалай жәрдемақы алды. Олар қоғамдық көлікте де тегін қатынайды.
А. Бектас