Елде Теңіздегі жағдай тағы қайталанды. Жәйремде жүздеген жұмысшы жанжал шығарып, шетелдіктермен қақтығысып қалды. Кикілжіңге еңбек теңсіздігі мен тұрғындардың нәпақасыз қалуы түрткі болуы мүмкін. Ал енді бірі төбелеске түрік жігіті мен қазақ қызының қатынасы себеп деп отыр. Кен байыту комбинатында болған араздықтан бірнеше шетелдік тіпті жарақат алыпты.
- Жәйремнің жастары жеке комбинаттың территориясына басып кірді міне.
Таңертең түсірілген мына видеода бір топ жұмысшы комбинаттың алдына барған. Іргедегі ғимараттың терезесін сындырып, қиратқан.
- Кінәлінің жазасы біздің көзімізге көріну керек. Таңертең біз қалай жауап берсек, ол да тура солай жауап берсін!
Ашуға булыққан жұмысшылар «комбинат жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмайды» деп наразы. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын осындағы шахта жабылып, 200-ден аса азамат жұмыссыз қалыпты.
ЖӘЙРЕМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Биыл 17 шілдеде "Үшқатын" карьерін жапты. 200 адам жұмыссыз қалды босып. Ақшаны қиып тастады. Күнкөріс қиын. Басқаларға кетіңдер дейді. Қайда барады ел?! Шетелдіктердің айлығы көп. Енді 70-60 мың мен 500 мыңды салыстырсаңыздаршы!
Әкімдікке бір емес бірнеше рет арыздандық деген тұрғындар "мәселе сол күйі шешілмеді" деп ашынады. Бірақ полицейлер жанжалға «тұрмыстық мәселе» себеп болғанын айтып отыр.
Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Жұмысшылары арасында келіспеушіліктер орын алған. Оқиға барысында бірқатары жеңіл дене жарақаттарын алған. Бұзақылық әрекеттері үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу органдарымен оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Әлеуметтік желіде оқиағаға түрік жігіті мен қазақ қызының қатынасы түрткі болған деген хабар тарады. Ал желіге видео таратқан мына шетелдік азамат халықтан кешірім сұраған. Бірақ не үшін екенін айтпайды.
Ушыққан мәселеге Жәйремге барған облыс әкімі Ерлан Қошанов та араласты. Әкім жұмысшылармен кездесіп, мәселені шешетініне сендірді.
- Біраз мәселе көтерілді оны комбинаттың басшысымен реттеп, жұмысты жалғастырамыз. Келістік пе?
Жәйремде шетелдік азаматтарды жұмысқа тартқан компаниялар қайта тексеріледі. Бұл істі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі апта соңына дейін аяқтамақ. Қазір комбинатта 1700 адам еңбек етіп жатыр. Ал мердігер компаниялардың біреуі жұмысқа 70-ке жуық шетелдікті тартқан.
Төлеген ОСПАНҚҰЛОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Соны біз қазір тексеру комитетінің бастамасымен жергілікті еңбек инспекторлары тексеру жұмыстарын бастайды. Қазақстанға шетел азаматтарын кіргізу, қабылдау кезінде кемшіліктер болатын болса, жұмыс берушінің тарапынан оларға міндетті түрде заңнамалық тұрғыдан шаралар қолданатын болады.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ: Бұл жанжал қазақстандық және шетелдік жұмысшылар арасындағы бірінші жағдай емес. Теңіз кен орнында араб-қазақ жұмысшылары арасында еңбек теңсіздігіне байланысты жаппай төбелес болып, 40 адам зардап шекті. Кейін елордадағы Абу-Даби плаза жұмысшылары да осы мәселені көтеріп, қарсылық білдіргені есте.
А. Бектас