Елде кезектен тыс парламенттік сайлау болмайды. Төменгі палатаны сайлау конституциялық мерзімде өтпек. «Nur Otan» партиясы саяси кеңесі бюросының отырысында Елбасы осылай деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев келесі мәслихат сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтетінін айтты. Толығырақ тілші репортажында.
Елбасы алдымен бас партияның елдегі ең қиын жылдарда халық пен саясаткерлерді жұмылдырып, бірлесе жұмыс істегенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық мерзімде өтетін Мәжіліс сайлауына да «Nur Otan»-ның дайындық жұмыстарын күшейтуге шақырды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Впереди нас ждут важные выборы в Мажилис, которые пройдут в конституционные сроки. Согласно внесенным в прошлом году поправкам в законодательство, следующие выборы в маслихаты впервые пройдут по партийным спискам, по аналогии с выборами в Мажилис. Мы нацелены на победу и долгосрочное политическое лидерство. Поэтому уже сегодня нужно начать подготовку к предстоящей электоральной кампании.
Әлемнің экономикалық тұрақсыздық жағдайында екенін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев алып державалар арасында кикілжің көбейгенін де атап өтті. Бұл кезеңде мемлекет жаңа міндет пен халықтың сұранысына жауап беруге дайын болу керек, деді. Елбасы өңірлерде тұратын азаматтар проблемасын шешуде партия өз жұмысын жандандыру қажет, деді. Сондай-ақ халықтың партияға деген сенімін арттыру үшін ақпараттық-идеологиялық стратегияны қабылдаудың маңыздылығын жеткізді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Еліміздегі өңірлеріміздегі ахуалдан толық хабардармыз. Жұртшылықты толғандырып отырған мәселелерді де білеміз. Осыған көңіл аударуымыз қажет. Оны шешу үшін біздің барлық мүмкіндігіміз бар, әлеуетіміз де жеткілікті. Жұдырықтай жұмылып, бірге істейтін болсақ біз алмайтын асу жоқ. Осы тәуелсіздіктің 28 жылында біз оны дәлелдеп келе жатырмыз.
Отырыста Мәжіліс депутаттығына партия тізімі бойынша өтетіндер белгілі болды. Оның қатарында саясат сахнасында түрлі жоғары лауазымды қызметтер атқарған Гүлшара Әбдіхалықова, мәдени өмірдің басы-қасында жүген актер Нұрлан Әлімжанов, өңірлер тынысымен жақсы таныс Нұржан Әшімбетов және қайрымдылық қызметімен танылған Жұлдыз Омарбекова бар. Бұдан бөлек, партия төрағасы белсенді азаматтарды мемлекеттің өткір мәселелерін бірлесіп шешу үшін партия қатарына шақырды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Мы видим и слышим наших активных граждан, блогеров, которые начали выступать со своими предложениями. Если они действительно болеют за нашу страну, мы приглашаем их всех работать совместно с партией для осуществления предложенных идей.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 21-і «NUR OTAN-ның» кеңейтілген отырысын өткізу туралы қаулыға қол қойды. Оған Үкімет өкілдері, партияның Мәжілістегі фракциясы және аймақ басшылары қатысады.
А. Бектас