Русский Сайттың толық нұсқасы

Азық-түлік бағасын қадағалау үшін арнайы сайт ашылмақ

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2019
  • 2049

Азық-түлік бағасы жағынан Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, мұнда баға 15,1 пайызға өскен. Мұнан Жезқазған, онда күнделікті қажетті тамақ өнімдерінің құны шамамен 12 пайызға артқан. Ал Талдықорғанда бағаның өсуі - 10 жарым пайызға жуықтапты. Руслан Дәленов республика бойынша пияздың бақандай 79 пайызға қымбаттағанын да айтты. Сәбіздің нарықтағы бағасы шамамен 60, ал картоптікі 33 пайызға жоғарылаған. Күріш пен бірінші сұрыпты ұнның да құны қалысар емес.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ :

Он түрлі тауардың бағасын бақылауда ұстаймыз. Ол: пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, нан, қой еті, сиыр және жылқы еттері. Осылардың бағасы инфляцияға да әсер етеді. Пияз - Алматыда, сәбіз - елордада, қызылша - Батыс Қазақстан, күріш - Қызылорда облысында, ұн - Ақмола, нан - Атырау облысында, ал сиыр еті - көбінесе Павлодар облысында қымбаттады.

Ал жаңадан құрылған Сауда және интеграция министрлігінің басшысы ақшаның құнсыздануын қадағалауға халықтың өзін араластыруды ұсынды. «Егер әр адам азық-түліктің бағасын фотоға түсіріп, арнайы сайтқа жіберіп отырса, нарықты онлайн-режимде бақылауға болады»,- дейді Бақыт Сұлтанов. Сондықтан азық-түлік бағасын бақылайтын сайт жасалмақ. Ал қазір Статистика комитеті аптасына бір рет қана әкімдіктерден әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын сұратып, мәліметтерді тек әр бейсенбі сайын жариялайды.

Д. Қайыртай