Русский Сайттың толық нұсқасы

Арал аудандық ауруханасының дәрігері сусамырға шалдыққандарға тегін дәріні бермеген,-Прокуратура

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2019
  • 3326

Қызылорда облысы Арал аудандық емханасының дәрігері диабетке шалдыққандарға тиесілі тегін дәріні иемденіп алған. Бұл жәйтті жергілікті прокурорлар анықтады. Аймақта мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы дәрігерлер тарапынан ғана емес оларға көрсетілер қызмет жағынан да ақсап тұр. Аралда инватаксиге ақша бөлінбейді, ал ерекше балалармен жұмыс істейтін маман жоқ.  

Аралгүл Әбибуллаева инватаксидің қызметін жеті жылдан бері қолданып келеді. Аудандағы арнайы көліктің ескілігі өз алдына, арбамен мүлдем қолайсыз дейді ол.

Аралгүл ӘБИБУЛЛАЕВА, I ТОП МҮГЕДЕГІ:

Коляскамен мінгенде инватаксиге ешқандай не жоқ, көтеріп адам мінгізеді, көтеріп түсіреді. Талсуатқа жылына бір рет бізді жібереді. Инватакси бізді апармайды да, әкелмейді де.

Бұл көлік Аралда 13 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Прокурорлық тексеру кезінде көліктің ешқандай талапқа сай келмейтіні анықталды.  

Сейітжан МӘМБЕТӘЛИЕВ, ИНВАТАКСИ ДИСПЕТЧЕРІ: 

Ауданда екі мыңның үстінде мүгедек бар. Қазіргі таңда инватаксиге 41 адам құжат тапсырды. Бұрын бес миллионның үстінде ақша бөлінген. Ол кезде біз Талсуатқа мүгедектерге барып-қайтуына көмектесті оңалту орталығына. Қазір енді ол қаржы аз, 2 миллион 760 па сондай қаржы бар, соған байланысты қаланың ішінде ғана қызмет көрсетеміз.

Бұдан бөлек, Аралда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін маман тапшы. Аудандағы жалғыз инклюзивті кабинетте 13 маманның орнына небәрі үш адам жұмыс істеп жүр. Ал, ерекше балалар саны 90-ға жуықтайды. Мамандардың жеке кабинеті де жоқ. Мәселен Эльмира Досжанова сурдопедагогтың жоқтығынан қызын логопед пен дефектологқа қаратып жүр.  

Эльмира ДОСЖАНОВА, АРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:   

Бізге мамандар жетіспейді көптеген. Сурдопедагог маманы керек. Менің қызым мысалы, сөйлемейді дұрыс. Жыл сайын үш рет барамын Алматыға Аралдан, маған онай емес.

Прокурорлардың араласуынан соң біріккен бөлмелерге жеке есіктер орнатылды. Санитарлық бөлме ашылып, қажетті құрал-жабдықпен қамтылуда. 

Амангелді ЖӘКЕБАЕВ, АРАЛ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ: 

Аудандық прокуратураның ұсынысына сәйкес біз аудандық экономикалық жоспарлау бөліміне осы кабинетке тиісті 10 маман қажеттігі туралы 4 миллион 776 мың теңге бюджеттік өтінім беріп, қазіргі таңда алдағы сессияда қаралады деген үмітпен күтіп отырмыз.

Аймақта мәселе мұнымен бітпей тұр. Аудандық емхананың дәрігері дәрілерді таратудағы құйтырқылығымен әшкере болды. Медицина қызметкері сусамырға шалдыққандарға тиесілі препараттарды қолды етіпті. Салдарынан науқастар тегін дәрісін уақытылы ала алмаған. 

Асхат ТӘЖЕНОВ, АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: 

Көрілген шаралар негізінді дәрігерден жалпы құны 450 мың теңге тұратын дәрі-дәрмек кері қайтарылып, науқасқа толық таратылып, берілді. Көрілген шаралар нәтижесінде, кінәлі дәрігерлердің барлығы тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын таптау жәйіттері негізінде құзырлы орын өкілдері Арал ауданы әкімінің атына ұсыныс хат жолдады. 

А. Төребекқызы