Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл қазанда ел астанасына газ құбыры жетеді

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2019
  • 2721

Нұр-Сұлтанға газ құбыры биыл қазанда жетеді. Оған дейін құбыр тарту жұмыстары толығымен аяқталады. Бұл туралы жоба операторлары айтты. Орталық және Солтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтитын құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Атқарылған жұмыстармен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов танысып қайтқан. 

«Самұрық-Қазына» ұлттық қорының төрағасы бастаған топ, ілкімді жобаның жұмысымен танысты. Олар газ құбырының 820-шы шақырымын тексерді. Ахметжан Есімов құрылыстың қарқынына оң баға беріп, атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын айтты. Мақсат белгіленген мерзімде көгілдір отынды тарату керек екенін ескертті.  

Сағидолла МАҚАШЕВ, «АСТАНАГАЗ ҚМГ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

Желілік жұмыстар қазанның 10-на дейін аяқталады. Ал желтоқсанның 31-не дейін газ құбыры іске қосылуға дайын болады. Кейін елорда көгілдір отынмен қамтылады.

Бүгінде "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы 75 пайызға біткен. Қазір Қарағанды мен Ақмола облыстарында құбырларды жалғау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осыдан соң «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен жергілікті әкімдіктер елдімекендерді газбен жабдықтауға кіріседі. 

Сағидолла МАҚАШЕВ, «АСТАНАГАЗ ҚМГ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

Алайда қалаішілік желілерді біз салмаймыз. Онымен жергілікті атқарушы органдар айналысады.

Айта кетейін, «Сарыарқа» газжолы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбырынан басталады. Ұзындығы 1061 шақырымға жететін магистралы 171 елдімекеннің үстінен өтеді. Демек, 2 млн-ға жуық тұрғын көгілдір отынның шапағатына бөленбек. Ел астанасына газ құбырын тарту ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған еді. Ауқымды жобаны ұлттық әл-аумақ қоры қаржыландыруда.   

Д. Қайыртай