Қырғызстан тауларында жоғалып кеткен қазақстандық альпинистерді іздеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қорғаныс министрлігі іздеу тобының мүшелері мәлім етті. Мамандар «Жеңіс» шыңының төңірегін оннан астам рет ұшып өткен. Бірақ іс-түссіз жоғалғандарды да, олардың іздерін де таппаған. Қазақстандықтарды іздеу үшін 3 тікұшақ жұмылдырылды. Альпинистер бағыттаған жол бойынша жаяу жүру қауіпті. Тауда әлі күнге дейін құбылмалы ауа-райы сақталып тұр, дейді құтқарушылар. Қазбек УӘЛИЕВ, ҚР АЛЬПИНИЗМ ЖӘНЕ ШЫҢҒА ӨРМЕЛЕУШІЛЕР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Біз ұшақпен жүріп альпинистердің жасырыну мүмкін деген жерлерін де, қар көшкіні жүріп өту мүмкін аймақтарында шолып шықтық. Өкінішке орай, еш нәтиже жоқ. Үміт үзгіміз келмейді.
Қазбек Уәлиевтің айтуынша, «Жеңіс» шыңында альпинистер жиі жоғалады. Бірақ оларды табу жағдайлары сирек. Мәселен, 1955 жылы болған қайғылы оқиға кезінде 11 қазақстандық қаза тапқан. Ал 1993 жылы 4 альпинист қар көшкінінің астында қалып қойған. Олардың денелері де табылған жоқ. Ал осы жолы жоғалған альпинистің бірі Мұрат Өтепбаевтың жұбайы Шахаризада іздестіру-құтқару жасағына алғысын білдірді. Шахаризада ШАХБУТОВА, АЛЬПИНИСТ ЖҰБАЙЫ:
"Құтқару жасағы шын мәнінде күн-түн демей жұмыс істеді. Қолдарынан келгенінің барлығын жасады. Жоғалғандар табылады деген ниеттеміз. Үмітімізді үзбейміз".
Соңғы рет альпинистер Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев 19 тамызда байланысқа шықты. Олар топтың үшінші мүшесі Александр Чичериннің қаза тапқанын, ал өздерінің "Жеңіс" шыңында тұрып қалғанын хабарлаған. Келесі күні Қорғаныс министрлігінің альпинистер тобы қазақстандықтарды іздестіруге аттанған еді.