Русский Сайттың толық нұсқасы

Маңғыстау облысында онкология диспансерінің құрылысы келер жылы аяқталады

  • AstanaTV
  • 28 тамыз 2019
  • 2824

Ақтауда құрылысы тұралап қалған онкология диспансері келер жылдың сәуіріне дейін салынып бітеді. Оның құрылысын «Құтты мекен» жобасының аясында «Nur Otan» партиясы бақылауға алмақ. Бұл туралы партияның Маңғыстау облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысында айтылды. Ал республикалық саяси кеңестің мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тілші толықтырады. 

«Nur Otan-ның» Маңғыстаудағы мүшелері жиын өткізіп, Елбасының Саяси кеңес бюросының кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын қалай орындайтынын талқылады. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Ендігі міндет - халықпен ашық қарым-қатынас орнату" деді.

Серікбай ТРҰМОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Ашықтық, бюджеттің бірінші кезекте ел-халыққа қажетті мәселелерге жұмсалуы. Енді мына облыстың басшысы ретінде менің де мақсатым - қалай болғанда да өздеріңізбен кеңесе отырып, қаражат шектеулі ғой енді, оны өздеріңіз де білесіздер, соны орынды-орынды жұмсасақ.

Жиында жергілікті проблемалардың республикалық деңгейге дейін көтеріліп кетуі ақпараттық стратегияның жансақтығынан болатыны да сөз болды. Сондай-ақ, партия төрағасының кейінгі ұрпаққа басымдық беріп отырғаны жеке талқыға салынды. 

Бағдат ҚУАНДЫҚ, «JAS OTAN» ЖАСТАР ҚАНАТЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жергілікті мәслихат депутаттарының қатарына жастарды тартуды атап өтті. Жастарға негізінен көп сенім артатынын білдірді. Соның бір белгісі Саяси кеңес бюросының мүшесі болып «Жас отан» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек кірді.

Саяси кеңестің отырысында облыстық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері сөз алып, өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге байланысты ұсыныстарын білдірді. Партия мүшелері сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуді де тілге тиек етті.  

Нақберген ТӨЛЕПОВ, ГАЗ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Біздің басты мақсатымыз - өндіріс пен қоғамдық өмірдің барлық саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу. Бұл елдің дамуына кедергі келтіреді. Партия осыған мән беретін болады.

Жиында партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да баяндалды. Жас өрендер үш ауысыммен оқымауы үшін өңірде 5 мектеп салынып жатқаны, ал тағы 21 оқу ошағының жобалық құжаттары әзірленіп жатқаны белгілі болды. Ал қаладағы құрылысы жүрмей тұрған онкологиялық диспансер салынып бітпек. 

Д. Қайыртай