Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы мекемелер маман тапшылығынан зейнетке шыққан адамдарды жұмысқа қабылдауға мәжбүр

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2017
  • 2665

Оралдағы мекемелер білікті маман таппай, қиналып жүр. Жұмыс берушілер тіпті зейнетке шыққан адамдарды да жұмысқа қабылдауға мәжбүр. Бүгін өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 800-ден астам жұмыс орны ұсынылғанымен, іздегенін тапқандар аз. Шараға қатысқан 48 жұмыс беруші кәсіпорын әдеттегідей техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары екенін жеткізді. Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің дерегінше, 3 мыңға тарта адам жұмыссыз жүр. Ал тіркеуде тұрған 172 мүгедектің 142-сі жұмысқа орналасыпты.

Татьяна Малиновская, кеңсе менеджері:

120 мың теңге жалақы төлейміз десек те, қара жұмысшы таба алмадық. Бізге топ-менеджерлер, инженерлер, жөндеушілер секілді техникалық маман керек. Ал жастар жұмыссыз жүрсе де, жоғары жалақыны талап етеді. Оларға жұмысы жеңіл әрі бүкіл жағдай жасалуы керек.

Дипломын ұстап, жәрмеңкеге үлкен үмітпен келген жастардың да өз уәжі бар. Олардың сөзінше, жұмыс-берушілерге тәжірибелі мамандар керек. Сондықтан оқуын енді бітірген жас мамандар сенделіп бос жүр.

Шерхан Аманқосов, жұмыс іздеуші:

Бізден жұмыс өтілін сұрайды. Оны қайдан алатынымызды білмейміз. Жоқ тәжірибені қайдан аламыз десем, өздері жауап бере алмай қалады. Осындай мәселелер бар. Соны қалай шешуге болатынын білмеймін.