Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда тоғыз үйдің тұрғындары балшық кешіп жүр

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2019
  • 2132

Петропавлда су жаңа 9 көпқабатты үйдің тұрғындары балшық кешіп жүруге мәжбүр. Қоқыс пен балшық араласқан аумаққа такси де, автобус та жүрмейді. Адамдар жергілікті биліктен көмек сұрағанмен, шенеуніктер қаржы жоқ деп отыр. 

Гастелло көшесіндегі Береке ықшам ауданының екі мыңға жуық тұрғыны автобус аялдамасы, мектеп, дүкендерге шалшық кешіп қана бара алады. Жағдай жаңбырлы күндері тіпті қиындайды. Ол кезде тұрғындар аяқтарына резеңке етік мен пакет киіп жүреді. Күзде адамдар осы жолға да зар болатындарын айтып отыр.  

Алина ҚУАНДЫҚОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз өкшенің сыртынан пакет киіп аламыз. Жолдан өткен соң оны қоқысқа лақтырып тастаймыз. Күнде осы. 

Серікбай ҚАПАРОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне аялдама 80 метр қашықта. Біз тым болмаса мектептің қоршауының алдына 1 метр жол салуды сұрап отырмыз. 

Балалар арбасын сүйреген аналар үшін шалшық нағыз қияметке айналған. Жас отбасылар өркениет үшін ауылдан қалаға көшіп келген едік деп отыр. Енді бұрынғы күніне зар болып қалғандарын жасырмады. 

Қабиден СҮЛЕЙМАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің оң аяғыма екі рет ота жасалып, кесілген. Сол жақ аяғыма оқ тиіп жарақаттанғанмын. Сондықтан бұл жерде аяқпен емес еңбектеп қана өте аламын. 

Бұл маңда нөсерсіз күндерде де жүру оңай емес. Айнала құрылыс қалдықтары мен қоқысқа толған. Тіпті құрылысшылар тастап кеткен дүңгіршек үлкен үйіндіге айналыпты. Тұрғындар кешке бұл маңға нашақорлар жиналады деп отыр. Қала әкімдігі жағдайды біледі. Бірақ мәселені шешуге қауқарсыз. 

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Биыл ол аумақта жүргінші жолын салуға қаражат бөлінген жоқ. Бюджеттен қосымша ақша сұрадық. Тұрғындардың жайлылығы үшін қыркүйектің 10- ына дейін ол жерге қайрақ тас төгу жоспарланған.

Береке ауданының тұрғындары биліктің сөзіне сенбейді. Сондықтан күзге бірнеше резеңке етік, ал қысқа қар күрейтін саймандарын әзірлеп қойған.