Русский Сайттың толық нұсқасы

Өңірлердегі ақша айырбастау бекеттерінің 90 пайызы жабылып қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 29 тамыз 2019
  • 3325

Өңірлердегі ақша айырбастау бекеттерінің 90 пайызы жабылып қалуы мүмкін. Қауымдастық төрағасы осындай жағымсыз болжам жасап отыр. Ұлттық банктің жаңа талабы бойынша айырбас пункттері 10-нан кешкі 7-ге дейін жұмыс істеуі керек. Ал жарғылық капитал 100 миллион теңге болуы тиіс. Одан қалды ақша айырбастаған адамның жеке деректері тіркелуі қажет. Сарапшылардың айтуынша, мұндай талап валюта операциясын көлеңкеге жібереді. 

Тараздық Ержан ақша айырбастау нарығында жұмыс істегеніне 20 жылдан асыпты. Кассирліктен бастап, кейін өз кәсібін ашады. Енді ол айырбас бекетін жапқалы отыр. Оған Ұлттық банктің жаңа талабы себеп. Кәсіпкер әрбір бекеттің жарғылық капиталы 100 миллион теңге болуы тиіс деген талап - айырбас орындарын құрдымға жіберумен тең деп санайды.   

Ержан ҚҰСМАНОВ, АҚША АЙЫРБАСТАУ БЕКЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз үшін 100 миллион теңге тым көп ақша. Шағын және орта кәсіп үшін бұл үлкен сомма. Шынын айтқанда мұндай ақша еш жерде жоқ,осынша сомма айналымда болмайды. Сондықтан жабылғаннан басқа амал жоқ. 

Қазіргі талап бойынша аймақтағы бекеттердің жарғылық капиталында кемі 10 миллион, ал мегаполистердегі пункттерде 30 миллион теңге болуы тиіс. Бұл сома соңғы рет былтыр 3 миллион теңгеге өсірілген. Ол кезде елдегі 200-дей валюта айырбастау орны жабылып қалды. Ал салықтық талаптардың кесірінен тек Шымкенттің өзінде 20-дан астам бекет жабылған.   

Қайрат АКЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтыдың өзінде қаладағы 24-тен астам ақша айырбастау орындары өз жұмыстарын тоқтатты. Ол кезде салық мәселесі болатын. Қаланың мегаполиске айналғанын ескерсек, жабылатындар бұдан да көп болуы мүмкін. 

Ел аумағындағы әрбір 10 бекеттің 9-ы жабылуы мүмкін. Қауымдастық өкілдері осылай деп отыр. Бұл кезде валюта операциясы көлеңкеге кетеді деп топшылайды. Мұндайда нарықты реттеу мүлде мүмкін емес көрінеді. Ал жұмыс уақытының шектелуі мен ақша айырбастауға келген адамның жеке деректерін тіркеу уақыт алады. 

Арчин ҒАЛЫМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН АҚША АЙЫРБАСТАУ ПУНКТТЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Өзгеріс енгізілсе, аймақтардағы ақша айырбастау бекеттерінің 90 пайызы жойлады. Оның орнына осы қызметті заңсыз көрсететін адамдар болады. Ал Алматы бойынша шамамен 30-50 пайызы жабылуы мүмкін. Әзірге нақты нақты саны белгісіз.   

Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары жаңа талап нарықтың монополиялануына әкеледі деп алаңдайды. Ал валюта бағамы айырбас санынан өзгермейді дейді. 

Алена РОМАНОВА, «АТАМЕКЕН» ҰКП ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Шетелдік валютамен қолма қол жасалатын операция көлемі көп емес. Ол бағам қалыптасатын биржа саудасының көлемінен бірнеше есе аз. Сондықтан реттеуді қатаңдататындай оның валюта бағамына әсері жоқ. Біз өзгерістен кәсіпкерлерге де, клиенттерге де тәуекел бар екенін көріп тұрмыз.   

Әзірге Ұлттық банк үнсіз отыр, қаулы туралы айтуға құлықсыз. Бұған дейін мұның барлығы клиенттер үшін жасалып отырғанын ғана хабарлады. Түнде біреу-міреу ақшасын үптетіп, өміріне қауіп тудырмайды. Екіншіден, сұраныс артқан кезде ешбір айырбас бекетінде ақша тапшылығы болмауы керек. 

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Дегенмен кәсіпкерлер палатасы бұл талапқа қатысты Ұлттық банктен тыңғылықты жауап күтіп отыр. Жаңашылдыққа кәсіпкерлердің көбі қарсы. Сондықтан ұйым жолдаған хатқа жүздеген бизнесмен қол қойған.