Русский Сайттың толық нұсқасы

"Жеке мәліметтерді басқаға айтуға болмайды" - Ұлттық банк телефон алаяқтары туралы

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2019
  • 3081

Банк клиенттерінің аңқаулығын пайдаланғысы келетін телефон алаяқтары күрт көбейді. Әртүрлі айла-тәсілмен, тіпті қоқан-лоқы көрсету арқылы ақша жымқыруды әдетке айналдырған. Алаяқтармен қалай күресуге болады? Олардың шырмауына түспеудің жолы қандай? Тілші репортажында.

Малика Дүйсенбаева алаяқтардың арбауынан аман қалған. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырған белгісіз азамат телефонына келген смс-кодты айтуды сұрайды. Малика бірден күдіктеніп, бейтаныс ер адаммен сөйлескен жазбаны телефонына сақтап қойыпты.  

Малика ДҮЙСЕНБАЕВА, БАНК ТҰТЫНУШЫСЫ: 

Оған қарсы сұрақ қоя бастағанда, сөзінде шикілік барын сездім. Әңгімелесу кезінде сезіктендім. Ол қысылып, ашуға булыға бастады.

Маликаның бұл қырағылығы қомақты қаражаттын алаяқтардан сақтап қалды. Бірақ, ол аңғалдықтан жапа шеккен жалғыз адам емес.  

Ксения КАЛИЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Алаяқтардың торына түспес үшін, код, құпиясөз, сондай-ақ төлқұжат деректерін, реквизиттерді айтпаңыз. Бұл карта нөмірі мен картаның артқы жағында тұратын СВВ код. Сондай-ақ, бұл телефонға хабарлама арқылы келетін барлық кодтар.

Жеке ақпаратыңызды телефон арқылы тіпті банк қызметкеріне де айтуға болмайды. Анна Храмушина бұл ережені бұрыннан білгенімен, сан соғып қала жаздаған. Телефонына хабарласқан бейтаныс адамға картасының номерін айтып беріпті. Оның алаяқ екенін сезген сәтте бірден тұтқаны қойған. Сөйтіп есеп-шотындағы 100 мың теңгесін сақтап қалды.  

Анна ХРАМУШИНА, БАНК ТҰТЫНУШЫСЫ: 

Егер банктің картасын қолдансам, менің және банктің жауапкершілігінің немен байланысты екенін білуім қажет. Сондықтан банкке барлық жауапкершілікті артуға болмайды. Өйткені, алаяқтықтың алдын алу үшін бізге үнемі ескерту жасап жүр ғой.

Малика Дүйсенбаева жеңіл жолмен ақша жымқыруды көздегендердің құрсауына түсе қоймады. Бірақ, мұндай қылмыскерлер кейде "есеп шотыңызды бұғаттап тастаймын" деп қысым жасайтын көрінеді. 

Малика ДҮЙСЕНБАЕВА, БАНК ТҰТЫНУШЫСЫ: 

Онымен сөйлесіп тұрғанда қорқып кеттім, бірақ білдіртпеуге тырыстым. Оның кім екенін дер кезінде анықтау қажет деп білдім. Басқа телефонмен банктің колл-орталығына хабарласып, оның банк қызметкері емес, алаяқ екенін анықтадым.

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:  

Кез келген қаржылық операция кезінде банк сіздің нөміріңізге жасырын сандар жібереді. Бұл нөмірді тек тұтынушы ғана білуі шарт. Ескеріңіз, құпия сөз бен жасырын сандарды өзге адамға айтпасаңыз ғана, ақшаңыз сенімде жерде сақталады.

А. Бектас