Русский Сайттың толық нұсқасы

Б.Байбек «Жастар - Отанға!» саяси лагеріне барды

  • AstanaTV
  • 09 қыркүйек 2019
  • 4694

Қай саланың тізгінін ұстасаң да, нағыз маман бол! «Жастар Отанға!» саяси лагеріне арнайы келген «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. «Jas Otan» жастар қанатының мұрындық болуымен өткен іс-шара 5 күнге созылды. Оған елдің түкпір-түкпірінен 170 белсенді жас қатысты. Тілші толықтырады.

Жастармен өткен бейресми кездесу барысында Бауыржан Байбек оларды толғандырып жүрген түрлі сұрақтарға жауап беріп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Ол өз сөзінде Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы - бүгінгі жастар» деп жас буынға үлкен сенім артып отырғанын жеткізді. Лагерьге келген жастар қоғамдық құндылықтар, жатақхана, жұмысқа орналасу, әлеуметтік желілердің ықпалы және бала тәрбиесі, отбасылық құндылықтарға қатысты ойларымен бөлісіп, сауалдарын қойды.

Асылжан БҮРКІТАЛИН, «JAS OTAN» ЖАСТАР ҚАНАТЫ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ең маңызды кездесудің бірі бүгін өткен Бауыржан Қыдырғалиұлымен кездесу деп айтамыз. Ол кісі қарапайым қазақтың тілімен қоғамда болып жатқан маңызды мәселелердің не үшін болып жатқанын, шешімі қандай екенін алдағы уақытта қандай әрекеттер жасау қажет екендігімізді бізге түсіндірді. Біз түсіндік, қабылдадық.

Қазір партияның жастар қанаты 2020 жылға дейінгі «Жастар Отанға!» жастардың табысқа жету жолы» бағдарламасының жүзеге асырылуын егжей-тегжейлі талдап жатыр. Алғашқысы толықтай қорытындыланғаннан кейін 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарлама жасалады. Жастар қанатының қолданыстағы Жарғысына сәйкес ол бағдарлама келесі жылдың көктемінде өтетін «Jas Otan-ның» V съезінде қабылданады.

Маржан БАҚЫТ, «JAS OTAN» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ШҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Белгілі адамдармен кездесу, бір жетістікке жеткен адамдармен кездесу арқылы, жастар өзіне жаңа мақсаттар қойып жатыр, жаңа міндеттер, екінші демдері ашылып жатыр деуге болады. Көздері жанып осы жақтан қайтады. Біздің облысымызға келгеннен кейін осы белсенді жастар ары қарай өздерінің көргендерін, білгендерін басқа да жас аудитоияға тарататын болады.

«Jas Otan» жастар қанатының мұрындық болуымен 2009 жылдан бастау алған «Жастар Отанға!» республикалық жастар саяси лагері осымен он бірінші рет ұйымдастырылды. Биыл бұл шара Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында өтті.