Русский Сайттың толық нұсқасы

Сот шешімімен келіспеген 27 адам «Nur Otan» партиясына жүгінді

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2019
  • 3369

Соттың шешімімен келіспейміз! Елордада осылай деп шағым айтқан 30-ға жуық адам «Nur Otan» партиясына жүгінді. Республикалық қоғамдық қабылдауға келгендер азаматтық, қылмыстық істерге қатысты сот шешімін бұрыс деп отыр. Ашынған халықтың арызын бүгін құзырлы орган өкілдері партия алаңында тыңдады. 

Шыныбек Құшалиев «құзырлы органның айласына құрық бойламайды» деп ашулы. Ол 5 млн теңге шығынға батырған Атырау облыстық экономикалық сотын айтып отыр. Айтуынша, атқамінерлер жалған құжатты пайдаланып, азаматтан қомақты қаражат өндіріп алған. Кәсіпкер 5 жылдан бері істің ақ-қарасын айыруды сұрап әлі келеді.  

Шыныбек КУШАЛИЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Өзі араласып, менің сенімхаттарымнан жалған құжат жасап, өткізіп, менен біреудің алып кеткен тауарының ақшасын соттың шешімімін шығарып, өндірді. Судья соған мән бермейді. Қол қойған адамның өзі мен ешнәрсеге қол қоймадым деп сөйлеп отыр. Мен 2014 жылы тауар алған жоқпын деп.

Азаматтың арызын тыңдаған жоғарғы сот өкілері істі әділ қараймыз деп сендірді. Мамандар бір айдың өзінде қылмыстық іске қатысты 40-қа жуық адамның өтінішін қабылдайды. Нәтижесінде ай сайын 5 адамның мәселесі оң шешімін тауып отыр. Енді судьялар бұл алаңда алдағы уақытта да жұмысын жалғастырмақ.    

Айгүл МАЛИКОВА, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР АЛҚАСЫ БОЙЫНША КЕҢЕСШІСІ:  

Сот керісінше үкім шығарды деуге болмайды. Менің көзімнің жеткені, аудио, бейнетаспаларды қараған кезде кейбір алдын ала тергеудегі қателіктер көбіне сот тергеуінде қаралмай қалады. Сот мысалы айыптау жағымен қарады дейді. Алдын ала тергеуде ол дәлелдемелерді бере алмады.

Айта кетейік, бүгін Жоғарғы сот өкілдері партияның қоғамдық қабылдау алаңына алғаш рет келді. Оған күні кеше «Nur Otan»-ға өтініш жазған бір топ адамның арызы түрткі болған. Партияның өтініші бойынша Жақып Асанов Жоғарғы сот мамандарына елорда мен аймақтардан келген азаматтарды қабылдауға тапсырма берген. Әрі бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алды. 

Арыстанғали САНСЫЗБАЕВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Соттың шешімімен келіспеушілік танытып, 27 адам «Nur Otan» партиясына өзінің талаптарын айтып келген болатын. Осыған байланысты бүгін Жоғарғы сот өкілдерін біздің алаңға шақырып, қабылдау өткізіп, ұйымдастырып жатырмыз.

Партия бұған дейін де азаматтардың арызын ескеріп, ведомство өкілдерін қоғамдық қабылдау алаңына жиі жинайды. Мәселен, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігі екі айда бір рет Nur Otan» алаңында халықпен кездеседі.  

А. Бектас