Русский Сайттың толық нұсқасы

Жас футболшылар арасындағы турнир жеңімпаздары «Реал Мадрид» ФК барады

  • AstanaTV
  • 10 қыркүйек 2019
  • 3510

Алматыда «Реал Мадрид» клубына баруға үміткер жас футболшылардың жарысы басталды. Шаһардың Орталық стадионында дәстүрлі турнир жалауын көтерді. Бас жүлдеге лайықтылар- балалар үйлерінің ойыншыларынан жасақталған 12 команданың арасынан анықталады. Жеңімпаздар әлемдік футболдың аңызға айналған жұлдыздары Серхио Рамос пен Лука Модричтің қалай жаттығатынын өз көзімен көріп, таныспақ. Болашақ чемпиондардың талабы туралы келесі материалда. 

12 жастағы Князьдің теңбіл доптың соңынан қуалағанына төрт жылдан асты. Арманы әлемдік футболдың жұлдыздарын көру еді. Осы арманы оны стадионға жетелеп әкелді. Жас талапкердің бұл тілегі орындалар күн де алыс емес. Бірақ бұл үшін бүгінгі турнирде топ жаруы керек. 

Князь ОРЛОВСКИЙ, ФУТБОЛ ТУРНИРІНЕ ҚАТЫСУШЫ: 

Осы жарысқа тыңғылықты дайындалдық. «Тараз» командасымен бірге келдік. Жеңістен үміттіміз. Жігіттердің дайындығы жақсы.

Жарысқа қатысушылар - балалар үйінің тәрбиеленушілері. Биыл чемпондық атақты он облыстан келген 12 команда сарапқа салмақ. 

Балжан ТҰРСЫН, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: 

Командаларды іріктеу қиын болды. өйткені балалар үйінің саны азайып барады. Бүгіннің өзінде тең жартысы жабылып қалды. Ақтөбе мен Таразда жетімдер үйі жоқ. Сондықтан балаларды жинақтау қиын болды.

Турнир өткізілген жеті жылдың ішінде балалар үйінің 60 шақты баласы испандық «Барселона», италиялық «Милан», немістің «Бавариясы» мен француздың «Пари Сен-Жермені» секілді азулы футбол клубтарында болыпты. Биылғы жарыстың жеңімпаздары әйгілі «Реал Мадридке» барып, жаттығуын көрмек. Ал қазір «Қайрат» футбол клубында доп теуіп жүрген Елдос Ахметов кезінде мұндай мүмкіндік болмағанын айтып өкінеді. 

Елдос АХМЕТОВ, «ҚАЙРАТ» ФК ҚОРҒАУШЫСЫ: 

Осындай бүлдіршіндерге ол үлкен мүмкіндік. Өзінің арман орындау үшінүлкен жұлдызды атақты футболшыларды өз көзіммен көру - ол бір арман. Ол да бір менің арманым еді. Әрине, ол спорт болғаннан кейін жеңіліс болады, жеңіс болады. Сол себепті не болмаса да әйтеуір қолдарын түсірмеу керек. Бұл жолы болмаса да, келесі жолы ұтатындарға күмән жоқ.

Футбол турнирі үш күнге созылады. Ал келер айдың соңында жеңімпаздар Испанияға аттанып, арманымен қауышады. 

Е. Карин