Русский Сайттың толық нұсқасы

Нұр-Сұлтандағы 3 жасар қыздың өліміне өгей әкесі кінәлі болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 12 қыркүйек 2019
  • 2487

Ауыр халде жан тапсырған 3 жасар елордалық қыздың өліміне өгей әкесі кінәлі болуы мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі мәлімдеді. Бүлдіршін жағдайы төмен отбасында дүниеге келген. Қыздың анасы полиция департаментінде есепте тұрса, өгей әкесі бұрын істі болыпты. Түрлі деңгейдегі жарақатқа балғынның ағзасы шыдамай, ауруханада көз жұмған. Қазір осы қылмысқа қатысты сараптамалар әзірленіп жатыр. Тергеу қорытындысы осы айдың соңына дейін сотқа жолданбақ. Полицейлер әзірге істің мән-жайын ашып айтпай отыр. 

Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Бұл факт бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 106 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Егер қылмысы дәлелденсе, 8-12 жыл аралығында бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Биылғы жылдың 8 айында кәмелетке толмағандарға күш көрсету фактісі бойынша 600-ге жуық іс тіркелген. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қылмыстың бұл түрін көбіне жәбірленушінің жақындары жасайтынын айтты. Бүгінде мыңнан аса педофил мен 3 мыңға жуық зорлық-зомбылық көрсетуші түзету мекемелеріне тоғытылған.

Марат ҚОЖАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Өкінішке орай елде кәмелет жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету деңгейі артып отыр. Мұндай әрбір екінші қылмыс пәтер мен жатақханаларда жасалады. Күш көрсету мен зорлаудың алдын алу мақсатында прафилактикалық жұмыстарды жандандыра түсу керек.