Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда өртенген жиһаз цехынан 59 жасар әйелдің денесі табылды

  • AstanaTV
  • 17 қыркүйек 2019
  • 1954

Алматыда тағы да алапат өрт болып, 59 жастағы әйел қаза тапты. Оның денесі жиһаз цехындағы өртті сөндіру кезінде табылған. Полиция Департаментінің айтуынша, марқұм шеберхана қызметкері болып жұмыс істеген. 

Жетісу ауданында орналасқан мына жиһаз цехында өрт түске қарай тұтанған. Оқиға орнына бірден 20 техника мен 60 адам жұмылдырылып, жалынды бір сағатта сөндірді.  

Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

Өрттің қаншалықты күшті болғанын мына майысқан темір бағаналардан-ақ білуге болады. Жалын ауыздықталғанымен қойма іші әлі де бықсып жатыр.

Десе де цех қызметкерлері қызыл жалынға қарамастан біраз заттарын сыртқа шығарып үлгеріпті. Мұнда маталар мен жиһаз жасауға қажетті материалдар бар.   

Серік ӘУБӘКІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Шеберханада жихазға керек құралдар мен түрлі қоспадағы бояулар сақталған. Соның әсерінен от ұзақ жанды. Өрттің шығу себебі де содан болуы мүмкін.

Кейіннен өрт сөндіру қызметкерлері құрылыс конструкцияларын жинау кезінде үйіндінің астынан адамның мәйітін тапқан. Адам толық жанып кеткен. Полицияның айтуынша қайтыс болған осы цехтің жұмысшысы.  

Салтанат ӘЗІРБЕК, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Өрт сөндіру қызметкерлері қойма ішінен әйел адамның денесін тапқан. Кейінірек, Жетісу ауданының жедел-тергеу құрылып оның 59 жастағы әйел адам екені және сол цехте жұмыс жасағаны анықталды.

Қазіргі таңда марқұмдың денесіне сот медициналық сараптама тағайындалып, тергеу жалғасып жатыр. Дегенмен өрттің шығу себебі мен шығын көлемі әзірге белгісіз. Алдын ала бағалау бойынша, тілсіз жау 1200 шаршы метр аумақты шарпыған. Ал күлге айналған жиһаз цехының қызметкерлері болса, қандай бір ақпарат беруге құлықсыз.  

Ә. Лесбек