100 күн. Бүгін бір топ ғалымдар мен сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметтегі атқарған ісін талдап, талқылады. Елдегі ғылыми-сараптамалық ұйымдар мен Еуразиялық интеграция институты осы мақсатта дөңгелек үстел өткізді. Жиналғандар «100 күн ішінде қоғам мен билік арасында диалогтың жаңа векторы қалыптасып үлгерді» деген пікір айтты. Данияр Қайыртай ғалымдардың пікірін тындап келді.
- Қазақстан Республикасы Президентіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін.
Міне, осы сәттен бері тура 100 күн өтті. Үлкен саясатта қалыптасқан дәстүр бойынша, осынша мерзімнен кейін жоғары лауазымды тұлғаның атқарған ісі талданады, сарапталады, бағаланады. Саясаттанушылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық сеніміне ие болуына, ең алдымен, Арыстағы апат түрткі болды дейді.
- Я беру все эти вопросы под свой личный контроль!
Соңғы деректер бойынша Арысты апаттан кейін қалпына келтіру ісі 99 пайызға аяқталған. Қазынадан бұл мақсатқа 56 млрд тг бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай салдарын жоюға атсалысқандарды марапаттап та үлгерді. Халықтың мемлекет басшысына деген сенімі несиелері кешірілгенде беки түсті. Жарты миллионнан артық адам кредиттік амнистияға ілінді. Халыққа жасаған алғашқы жолдауында да бизнесті салық пен тексерістен босату, 5 пайыздық қосымша зейнетақы аударымдарын енгізуді кейінге шегеру, педагогтардың жалақысын көтеру секілді әлеуметтік мәселелер қарастырылған.
Эдуард СОЛОВЬЕВ, САЯСАТТАНУШЫ (РЕСЕЙ):
Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық алдында сөйлеген сөздері бірімен-бірі сабақтасып келеді. Сайлауалды науқанынан да бастасақ болады. Ұлықтау рәсіміндегі сөзі астасып ал халыққа жасаған жолдауы осылардың заңды жалғасы іспеттес. Бұл - Президенттің кемелдігінің белгісі. Ол азаматтық қоғаммен әрекеттестік туралы да жиі айтады. Себебі елді дамытуға халық өзі тікелей араласуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы бері қоғаммен етене араласуға басымдық беріп келеді. Оны қоластындағылардан да талап етті. Қазір әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізбейтін шенеунік кемде-кем. Президенттің өзі қызметке кіріскелі бері «Твиттер» желісінде 400-ден артық жазба қалдырды. «Инстаграмдағы» парақшасы да интернет қолданушыларына кеңінен таралып келеді. Халық еш кедергісіз елдің бірінші тұлғасынан ақпарат алып, кей мәселелерге назарын аударта алады. "Тыңдауға қабілетті мемлекет" тұжырымдамасы деген осы. Президент жанынан құрылған ұлттық кеңестің де мойнына осы жүк артылып отыр.
Марат ШИБҰТОВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясында негізгі 5 заңды өзгерту туралы ұсыныс жасадық. Президент қабыл алды. Ал бұл демократияландыруға, заңнамаларды ырықтандыруға және тыйымдардың азаюына әкеледі.
100 күннің ішінде мемлекет басшысы 5 жаңа Заңға қол қойып, 40 өкім және 95 жарлық шығарды. 140-тан артық кездесу мен жиналыс өткізді. Елдің бас серіктесінің бірі Қытай Халық Республикасына жұмыс сапармен барып, екіжақты келіссөздерге қол жеткізді. Қысқасы, осы мерзімде мақсаттар белгіленіп, нақты қадамдар жасалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемелкет басқарудағы тактикасы айқындалды.
Д. Қайыртай