Русский Сайттың толық нұсқасы

Отандық аккумулятор батареяларының экспорты артпақ

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2019
  • 2556

Талдықорғандағы «Қайнар-АКБ» аккумулятор зауыты биылдан бастап, экспорт көлемін арттырмақ. Өйткені отандық өнімге шетелдік нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпорын бұған дейін тек жеңіл және ауыр техникалардың стартерлік аккумуляторын құрастырып келген. Ал биыл тепловоздар мен танкілерге арналған қуттағыш батареяларын жасауды да қолға алды. 

Аккумулятор өндіруші «Қайнар-АКБ» зауыты 1974-ші жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда автокөліктердің, тіпті тепловоздардың аккумуляторлары шығарылады. Кәсіпорын жылына 2,5 млн. дана өнім құрастырады. Оның 60 % экспортқа жөнелтіледі. Көрсеткішті арттыру мақсатында былтыр «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы- «Қазақстанның Даму Банкі», зауытқа үш жылдық мерзімге 2 млрд. теңге қаражат ұсынған. Бұл сомма аккумулятор батереяларын жасауда қолданылатын шикізатты сатып алуға және экспорт көлемін ұлғайтуға жұмсалмақ.  

Ербол СӘЛІМБАЕВ, "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ БАНКІ" АҚ БАНКИРІ:

Берілген қаражат «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ұсынылған. Берген қаражат «Қайнар-АКБ» компаниясына 2020-шы жылға қарай 3 млн. аккумулятор экспорттауға мүмкіндік береді.  

Зауыттан шыққан өнім Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және БАӘ экспортталады. 2019 жылдың 8 айында 1,5 млн. аккумулятор жасалып, оның 839 мыңы шетелге жөнелтілген. Енді экспорт көлімінің артуға сай қосымша тағы 300 адамға жұмыс орны ашылмақ. Қазір мұнда 1200 адам істейді.  

Олег КАБАНОВ, "ҚАЙНАР АКБ" ЖШС ӨНДІРІСТІК ЖҮЙЕНІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ САПАНЫ АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:  

Өнідіріс заманауи технологиялық-циклдық жүйеде жұмыс жасайды. Аккумуляторларды құрастыруға арналған жабдықтардың көбі автоматтандырылған. Біз осы жерде өнімді шығарамыз және қолданыста болғандарын қабылдап, қайта өңдейміз. Сондай-ақ, биылдан бастап, халықаралық стандарттарға сай, өте төмен және өте жоғары температурада жұмыс істеуге қауқарлы аккумуляторларды құрастыруды қолға алдық.

Зауыт бүгінде ТМД елдері арасындағы аккумулятор құрастыратын көшбасшы кәсіпорынға айналған. Олар алдағы уақытта Қытайда жеке филиал ашуға ниетті.   

Ә. Асқарұлы