Русский Сайттың толық нұсқасы

Республика бойынша рұқсат етілмеген митингіде 100-ге жуық адам ұсталды

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2019
  • 2172

Өткен сенбі күні ел аумағында заңсыз митингілер өтті. Республика бойынша рұқсат етілмеген митингіде 100-ге жуық адам ұсталды. Олардың 15-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 9-ы қамалып, алтауына әкімшілік айыппұл салынды. Ішкі Істем министрі Ерлан Тұрғымбаев осылай деп мәлімдеді. Жалпы санының тең жартысы елордада шыққандар. Толығырақ, сенбі күні оқиға орнында болған тілшіміз Әлішер Өмірзақ жалғастырады. 

Әлішер ӨМІРЗАҚ ТІЛШІ:

Бұл жолы да заңсыз митинг ел астанасындағы "Республика" көшесінің бойында өтті. Наразылық білдірушілерден бұрын мұнда тәртіп сақшылары жиналды. 

Автобустар мен ондаған арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері келгенімен, наразы топ көпке дейін төбе көрсетпеді. Емін-еркін өтіп жатқан жұрттың арасынан алғашқылардың бірі болып, Қарағандыдан шеру үшін келдім деп айқайлаған азамат ұсталды.    

Мұнан соң өзге де наразылық білдірушілер бой көрсете бастады. Оларды да автобустарға отырғызды. Десе де көліктен сыртқа қашып шыққандар да болды. Арнайы жасақтың өзі күшті болғанымен, автобустың терезесі осал болып шықты.  

 Ал мына әрекет әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Бірі - "үш қызымен жүрген анада несі бар" десе, ендігі бір -"үш қызымен ана мұнда не істеп жүр" деген сұрақ қойды.   

- Отпусти! Опусти! 

Ал бүгін осы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті түсінік берді. Көпшілік пайымдағандай ол қыздың жасы 16-да емес, 19-да,- деді.   

Ержан СӘДЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:  

Бұл қыз бірнеше рет қоғамдық тәртіп бұзуға қатысты. Заңсыз акция кезінде полиция қызметкерлерінің санкцияланбаған митингіге қатысуды тоқтату туралы жасалған талабына қарамастан, ол құқық қорғау органдарының қызметкерлерін агрессияға итермелеген. Полиция бөлімшесінде профилактикалық әңгімелесуден кейін ол үйіне жіберілді.

Шеруге шыққандардың негізгі талабы Қытай экспансиясын тоқтату болды. Бұдан бұрын Мұхтар Әбіләзовпен тікелей эфирде пікірталасқа түскен Ермұхамет Ертісбаев бұған байланысты өз ойын білдірді.   

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ: 

Қазақстандықтар заңға бағынады. Бұған Тәуелсіздіктің 28 жылы куә. Бұл жолғы митинг заңсыз ғой. Сондықтан да оған 99 пайыз халық шыққан жоқ. Оның үстіне Конституцияның 5 бабын бұзып отыр, яғни халықаралық алауыздықты туғызу. Ал, бұл барып тұрған ксенофобия.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Жалпы Республика бойынша сенбі күні 100-ге жуық адам ұсталған. Ішкі Істем министрі Ерлан Тұрғымбаев олардың 15-і әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты. 9-ы қамалып, алтауына әкімшілік айыппұл салынған. Қалғанын түсіндіру жұмыстарынан соң, үйлеріне босатылған.

Ә. Өмірзақ