Павлодар облысында қызға тап беріп, дөрекілік көрсеткен полицей жұмыстан қуылмақ. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. Қызметтік тексеріс жүргізген құқық қорғаушылар, өрескел оқиға орын алған кезде полицейдің еңбек демалысында болғанын айтты. Бірақ, оның сол сәтте ішімдік ішпегенін анықтапты. 41 жастағы полиция майоры Баянауыл аудандық ішкі істер органдарында 22 жылдан бері жұмыс істейді.
Асқар СЕРҒАЗИН,ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД ЖЕКЕ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Аталған факті бойынша Полиция департаментінің қауіпсіздік басқармасы Қылмыстық Кодекстің "қысым көрсету" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Нәтижесінде қылмыс құрамының болмауына байланысты істі қысқарту туралы шешім қабылданды. Дегенмен де, оны жауапгершілік тарту туралы іс Баянауыл аудандық сотына жолданған болатын. Сот оны кінәлі деп тауып, 5 АЕК айыппұл салды.
Оған қоса тәртіп сақшысына ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіргені үшін жұмыстан босату туралы шешім қабылданған. Бірақ шешім әлі күшіне енбеген. Өйткені, полицей демалыстан кейін, денсаулығына байланысты ем алып жатқандықтан, жұмысқа шықпапты. Айта кетейік, басы дауға қалған полицейге жас қыз арызданған болатын. Арызданушының айтуынша, осыдан екі ай бұрын "Жасыбай" демалыс аймағында жүрген оған полицей тап беріп, күш көрсеткен. Ол бірден тәртіп сақшыларын шақыртқанмен, дөрекі полицейді олар тыныштандыра алмапты. Амалсыз 20-ға тарта жедел жасақ сарбазы келіп, полицей майорын алып кеткенін арнамызға айтқан еді.
ЗАРДАП ШЕГУШІ:
Ол мені қолымнан қысып ұстап алғанда, мені жіберіңіз - дедім. Бірақ,ол керісінше, маған қоқан-лоққы жасай бастады. Мен онымен агрессияға салынбай, жай ғана сөйлестім. Жағдайымды айтып, мұнда әке-шешеммен демалуға келгенімді айттым. Тіпті, әкемді шақырып дәлелдей алатынымды да ескерттім. Бірақ, ол әкемді «орнына қоятынын» айтты.
Ө. Қуанар