Русский Сайттың толық нұсқасы

Абақтының ақшасын «жеп қойған» оралдық шенеунік сотталып жатыр

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2019
  • 1715

Оралда тергеу изоляторының құрылысына бөлінген ақшаны жымқырғандар сот алдында жауап беріп жатыр. Айыпталушылар үшеу. Олар - мердігер мекеменің басшысы, құрылыс сапасын қадағалауы тиіс сарапшы және Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, полковник Бекболат Төремұратов. Сот залында белгілі болғандай олар 1,5 млрд теңгені қолды еткен. Сондай-ақ, экс-шенеунікке «Бура строй» құрылыс компаниясының сойылын соқты деген кінә тағылды. Бұл мекеме тергеу изоляторын салуға арналған тендерде жеңіп шыққан. Ақша үнемдеу үшін бірқатар заңбұзушылықтарға барғаны белгілі болған. Ал үнемделген қаржы жалған фирмаларға аударылыпты. Барлық техникалық құжаттарға 44 жастағы полковник Бекболат Төремұратовтың өзі қол қойған, деді прокурорлар. 

Валентина ИСКАЛИЕВА, БҚО ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

Түрменің қабырғалары талапқа сай емес. Тіпті пайдалануға да келмейді. Бірақ техникалық құжаттарға қол қойылып кеткен. Мұны мемлекеттік инспекторлар анықтады. Ал айыпталушылардың қорғаушылары: «Қажет болса бұзып, жаңасын салып алыңдар», - деп міз бақпай отыр.

Айта кетелік, Оралдағы тергеу изоляторының құрылысы 2013 жылы басталды. Бірақ қазір тоқтап тұр. 1,5 мың адамға арналған ғимаратқа 9,6 млрд теңге бөлінген. Ақшаның тек жартысы игерілген. Айыптаушы тарап күдіктілердің кінәсі дәлелденсе 3 жылдан 8 жылға дейін жаза кесуді сұрап отыр. 

Е. Карин