Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылдық тұрғын жұбайының жұмбақ өліміне полицейлерді кінәлайды

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2019
  • 2915

Жамбыл облысының тұрғыны жұбайының өліміне полицейлерді кінәлап отыр. Айтуынша жасамаған қылмысын мойнына артуға тырысып күш көрсеткен. Александра Минголимова: жұбайым жазықсыз түрмеде отырғысы келмеген соң, өз-өзіне қол жұмсаған,- деді. Полицейлердің қалай күш көрсеткенін марқұм хатқа жазып қалдырыпты. Шындыққа жете алмай шырылдаған артындағы туыстары әділдік іздейді. 

Жақындарының айтуынша, Дмитриді 31-ші наурыз күні Байзақ ауданындағы үйінен тараздық тәртіп сақшылары алып кеткен. Оған қызға қатысты зорлық дерегі бойынша қылмысты мойынына алуды талап етіпті. Бұл жайында марқұм хатқа жазып қалдырыпты.   

Александра МИНГОЛИМОВА, МАРҚҰМНЫҢ ЖҰБАЙЫ: 

Оған 3 полицей 200 мың теңге береміз, 2 жыл отырып шығасың деп үгіттейді. Ол оған көнбейді. Жасамаған қылмысты күш көрсету арқылы "мойныңа ал" деп сабап тастаған. Ол өзінің соңғы хатында осыны жазған. Оқ өтпейтін кеудеше кигізіп, биллярдь таяғымен ұрып, қатты қорлайды. Денесінде электр шокермен қинаған жара іздері қалып қойған.

Зайыбының айтуынша, отағасы сол кеткеннен тек түңгі он екіде отбасына оралған. Ертесіне түстен кейін оны жіпке асылған күйінде тауып алады. Александра құзырлы органдағылар "адам өліміне" қатысты істі де жіті қарамады,- дейді. Полиция болса мұнымен келіспейді.  

Ноян ҚИЫМБЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД ӨЗІНДІК ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:  

Минголимов Дмитридің «өзіне қол жұмсау» дерегі бойынша ҚР ҚК 105 бабы 1 бөлігімен қылмыстық іс қаралды. Маусым айының 30-ы аталған істің қылмыстық құрамы болмауына байланысты іс өндірістен тоқтатылды.

Тергеушілер хатта айыпталған 3 полицейдің үстінен тексеру жүргізгендерін де хабарлады. Тек "түк таппадық" деп отыр. Шындық іздеп шарқ ұрған Минголимовтар әулеті, марқұм болған отағасының мәйітіне эксгумация жасауға бел буған. Айта кетейік 27 жасында суицид жасаған Дмитрий пластик терезе жасайтын цехта жалданып жұмыс істеген. Оның артында қалған екі ұлы мен зайыбы қызметтік бабын асыра пайдаланған полицейлердің түк болмағандай жұмыстарын істеп жүргеніне күйінеді.   

Д. Әлімқұл