Тобыл өңірінде туберкулезге қарсы аурухананың медициналық қалдықтары орманға төгілген. Экологтар үйіндінің эпидемиологиялық қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Ал денсаулық сақтау басқармасы арнайы комиссия құрып, емдеу мекемесінен шығарылған қалдықты дер кезінде жоймаған тарапты анықтауға кірісті. Толығырақ Заңғар Санай тарқатады.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Мемлекеттік инспектор Сергей Мұқашевтің айтуынша медициналық қалдықтар орманға шамамен бір ай бұрын төгілген. Үйіндіні орман шаруашылығының қызметкерлері жуықта ғана байқаған көрінеді. Олар бірден экологтарға хабарлапты.
Қолданылған инелі шприцтер мен пластикалық контейнерлер орман алқабында шашылып жатыр. Медициналық қалдықтардың сыртында мекеменің атауы мен жойылуға жөнелтілген мерзімі жазылған. Жазу бойынша қауіпті қалдықтың Затабол кентіндегі туберкулезге қарсы емханадан шыққанын аңғару қиын емес.
Сергей МҰҚАШЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:
Қалдықтар қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Егер үйіндінің туберкулезге қарсы диспансерден шығарылғаны расталса, індеттің таралу қаупі бар. Сондықтан біз құзырлы органдарға ресми сауалхат жолдадық. Аудандық және облыстық санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау органдары да хабардар.
Денсаулық сақтау басқармасы қалдықтардың Қостанай ауданындағы қос емханадан шығарылғанын растады. Алайда медициналық мекемелер өзге ұйымдармен келісім-шарт жасап, жою және жеткізу жұмыстарын соларға жүктейді. Арнайы комиссия жұмысын жөнді атқармаған тарапты анықтауға кірісті,-дейді басқарма өкілдері.
Әнуар ЕДІРЕСОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Сурет бойынша медициналық қалдықтардың Затаболдағы туберкулезге қарсы аурухана мен психиатриялық ауруханаға тиесілі екенін аңғарып отырмыз. Жалпы жыл сайын және 2009-2010 жылдарды қоса айтатын болсақ облыстағы медициналық ұйымдар келісім-шарт жасайды. Сол келісімге сәйкес екінші тарап қалдықты шығарып, жоюы тиіс.
Экологтар қауіпті қалдықтың салдарынан орманда індет таралуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан тез арада полиция, денсаулық сақтау және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп тексеру шараларын жүргізбек.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Арнайы құрылған топ медициналық қоқысты тоғай арасына кімнің төккенін анықтайтын болады. Кінәлі тарап табылса он айлық есептік көрсеткіш көлемінде, одан да көп әкімшілік айыппұл салынады.