Павлодар облысында 35 жастағы азамат туған қызын зорлады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. Қазіргі уақытта қылмыскер уақытша қамау изоляторында отыр. Өңірдегі тілшіміз Өзгеріс Қуанардың репортажы.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Сұмдық жайт Ақсу қаласында Ертіс өзенінің жағалауында болған. Полицейлердің айтуынша, оқиға түнгі сағат 11-лер шамасында болыпты. Ал қыз баланың түн ішінде өзен жағасына қайдан тап болғаны белгісіз.
Белгілісі қызы әкесімен бірге тұрмайтын көрінеді. Анасы екеуі ажырасып кеткен. Қазіргі таңда аталған факті бойынша полиция іс қозғады.
Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Павлодарлық полицейлер ағымдағы жылғы 27-қыркүйекте сағат 23-00-лер шамасында қаланың шетінде 2004 жылы туған кәмелетке толмаған қызға қатысты сексуалдық сипатты зорлық әрекеттер жасаған 35 жастағы Ақсу қаласының тұрғынын ұстады. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүгізілуде. Экспертиза тағайындалды. Зорлаушы ұсталып, қамалды.
Ал оқиғаны естіген ақсулықтар бұл барып тұрған айуандық екенін айтады. Бұндай азғындармен бір қалада тұрудың өзі қорқынышты - дейді.
- Тек қана өлім жазасы. Бәрі қазір ішімдікке, нашақорлыққа салынған. Соның арқасында сондай нәтижеге әкеледі.
- Инстаграммнан көрдім оқыдым. Сұмдық ол! Конечно, наказывает надо, ол тіпті миға кірмейтін нәрсе ғой сұмдық.
Аталған жайттан қалалық білім бөлімі де хабардар. Оқушыға психологиялық көмек көрсетілмек.
Нәзира НЫҒМАНОВА, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Психологиялық көмек жан-жақты жасаймыз. Ол тек мектеп психологы емес, ол поликлиниканың да психологтары бар, ата-аналармен де жұмыс жасаймыз. Балалармен жұмыс жасаймыз. Әр бала аяғынан нық тұрғанша, балаға көмек көрсетіледі.
Айта кетерлігі, күдікті әке бұған дейін де, сексуалдық сипатта зорлық көрсеткені үшін істі болып, 8 жыл жазасын өтеп шығыпты. Ал қыз бала оның бірінші әйелінен қалған. Жыл басынан бері Павлодар облысында кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты 14 зорлық-зомбылық фактісі тіркеліпті.
Ө. Қуанар