Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 11 жасар мүгедек бала нағашыларының үйінде өлімше хәлде табылды

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2019
  • 4391

Ақтөбеде прокурорлар нағашы ата-әжесінің үйінде қараусыз қалған 11 жастағы мүгедек баланы тауып алды. Наннан басқа ыстық ас ішпей, үсті-басы кірлеп, әбден азған бала қазір «Жайна» оңалту орталығына жатқызылған. Енді баланың әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Бақыт Рақметова мән-жайды анықтады.

Егор Коротков 11 жаста. Ол туа біткен сал ауруына шалдыққан.  Анасы мен әкесі ажырасқан. Кейін анасы екінші рет тұрмысқа шығып кеткендіктен, бала нағашы ата-әжесінің қарауында қалған. Бірақ ішімдікке салынған жақындарының сырқат баламен ісі болмапты.  Прокурорлар тауып алғанда өлімше халде болған бала дереу оңалту орталығына жатқызылған.

Нұрила ЖАРБОЛОВА, «ЖАЙНА» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Баланың жағдайы өте төмен болды. Үсті кір болды. Былай айтқанда жалаңаяқ келді ғой бала жағдайы кетіп қалған. Бала наннан басқа тамақ жей аламады. Тамақты танымады. Келгенде наннан бөтен ештеңе білмейтін.

Егордың диагнозының ауырлығы сол, өздігінен тамақ та іше алмайды. Тұрып жүру үшін де балаға жәрдемдесу керек. Жақындары үкіметтен Егордың мүгедектігі үшін ай сайын жәрдемақы алып отырған. Бірақ оңалту мекемесіне жатқызып, баланы емдеуге құлық танытпапты. 

Мөлдір АҚҚАҒАЗОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАЛАЛАР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ СЕКТОРЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Екеуі анасы мен әкесі ажырасқан. Бала нағашы ата-әжесінде қалған. Баланы тәрбиелеу мен оқытумен анасы да, әкесі де айналыспаған. Осы себепті ата-ана құқынан айыру ісі жүргізіліп жатыр.

Оның үстіне мамандар ішімдікке салынған баланың анасы арнайы есепте тұрғанын айтты. 

Ләззат ТАЙЛАНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АСТАНА АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:

Бала ұзақ уақыт бойы ата-анасының қамқорлығынсыз, ішімдікке салынған ата-әжесімен тұрған. Осылайша сырқат баланың құқы бұзылғаны үшін Ақтөбе қаласы әкімінің атына, Ақөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына мен Ақтөбе қаласы полиция басқармасына ұсыным жіберілді.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Бұл мекемеде Егор уақытша жатқызылған. Сот шешімімен бала қамқорлықсыз қалса, осы "Жайна" оңалту орталығына орналастырылады. Ал баланың осындай халге түсуіне себепші болған жауапты мамандарға тәртіптік жаза қолданылған.

Б. Рахметова