Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда АХҚО инвесторларының халықаралық апталығы өткізілуде

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2019
  • 2930

Ақтауда «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторларының халықаралық апталығы өткізіліп жатыр. Мұндағы мақсат - халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнес-қауымдастықты өңірге инвестиция тартуға үйрету. Кәсіпкерлерге қандай жағдай жасалғаны туралы келесі бейнематериалдан біле аласыздар.

Халықаралық инвесторлар апталығын еліміздің алты шаһарында өткізу жоспарланған. Ақтау - осы шара өткізілген екінші қала. Бүгін қаржыгерлер мен кәсіпкерлер және іскер жандар бас қосты. Орталықтың басты мақсаты - ел экономикасына инвестиция тартып, қаржылық қызметтер саласын өркендету.

Болатбек ҚУАНДЫҚОВ, АХҚО ӘКІМШІЛІГІ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялар мен қатысушылар осындағы преференцияларды қолдана алады. Салықтық жеңілдіктермен қатар, ағылшынның сот құқығына негізделген Астана халықаралық қаржы орталығы халықаралық сотының тәжірибесін пайдаланады. Мұның алғышарты былтыр қабылданған.

Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы халықаралық ірі қаржы институттарымен байланыс орнатқан. Бұл ұйымдар аймақтарды дамытуға ат салысуға әзір, дейді Болатбек Қуандықов. Әрі биыл Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге бірнеше жобаны іске асыру мақсатында бірлескен меморандумға қол қойылған. Мұның ішінде ірі қонақүй кешенін салу жоспары да бар. Қазір жалпы саны он шақты жоба қаралып жатыр.

Болатбек ҚУАНДЫҚОВ, АХҚО ӘКІМШІЛІГІ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Халықаралық қаржы алаңында тіркелген компанияларға барлық жағдай жасалған. Олар сот дауын да осы орталық көмегімен шеше алады. Бізде қазір 20 халықаралық арбитр бар. Олар онлайн режимде дауды жан-жақты қарап, талдай алады. Әрі тәжірибесі де мол. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін де тартуға болады. Бірақ бұл іс барынша ашық әрі жеңіл болуы керек. Қазақстанға келген компаниялар инвестиция құюы үшін түрлі бюрократиялық кедергілер мейлінше аз болуы тиіс.

Кәсіпкерлер де мұндай форумдардың пайдасын әлдеқашан мойындаған. Олар инвестиция тарту үшін қажет ақпарат алуға ұмтылады.

Руслан ЖИНКИН, КӘСІПКЕР:

Жаңа нәрсені үйрену үшін осында келдім. Бизнестегі бізге беймәлім бағыттарын меңгеріп, іс жүргізуді меңгермек ойдамын. Инвестиция саласы маған өте қызықты.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы тұңғыш президенттің бастамасымен құрылған еді. Бүгінде мұнда 258 компания тіркелген.

Е. Карин