Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық акционер картон-рубериод зауытын әлдекімдер басып алғанын мәлімдеді

  • AstanaTV
  • 02 қазан 2019
  • 2519

Павлодарда картон зауытын әлдекімдер басып алған. Бұл туралы арнамызға зауыттың  бас акционері Евгений Севрюков хабарлады. Ал жаңа күзет жұмысшыларды кіргізбей, олар жалақысыз қалған көрінеді. 3 жылдан бері қарсыласып келген 200 адам амалсыздан митингіге де шықпақшы болған. Алайда, оған жергілікті әкімдік рұқсат бермеген. Бұл рейдерлік пе? Өзгеріс Қуанар мәселеге үңіліп көрді.

Евгений Севрюков -  Павлодар картон зауытының  негізгі акционері екенін айтады. Компанияның 99%  үлесі өзінің еншісінде көрінеді. Алайда, ол көп уақыттан бері өз кәсіпорнына кіре алмай дал.  Өйткені, құрдымға кеткен зауытты қайта қалпына келтірмек болған басқарушы зауытты иемденіп алған деп отыр. Оған қоса, күзет қойып, кәсіпорын жұмысшыларын да маңайына жолатпай қойғанын айтады. 

Татьяна ВЛАДИМИРОВА, ЗАУЫТ ЕСЕПШІСІ:

Мен мұндай жағдайда енді жұмыс істеймін бе, істемеймін бе білмеймін. Себебі, күзетшілер есіктен аттап бастырмайды. Бірнеше мәрте кіруге  оқталдық. Кіргізбеді. Тіпті, қарапайым жұмысшылардың зейнетке шығуына байланысты анықтаманы да бере алмаймын. Өйткені, қолымда ешқандай құжат жоқ. Барлығы кабинетте қалып қойған.

Кәсіпорын жұмысшылары мұндағы орташа жалақы 100-150 мың теңге болғанын айтады. Тіпті, зауыт бірегей кәсіпорын болыпты. Картон-рубероидтарымен тек Павлодар облысын ғана емес, оңтүстік өңірлерді де қамтамасыз еткен. Кәсіпорын қайта өңдеумен айналысыпты. 

Евгений СЕВРЮКОВ, «ПАВЛОДАР КАРТОН-РУБЕРОИД ЗАУЫТЫ» АҚ БАС АКЦИОНЕРІ:

Мен мұнда АҚ-ның құрал-жабдықтарын мен көліктерін ұрлағанын байқадым. Бір ретте, қоршау сыртынан Т3 маркалы тепловозды бөлшектеп жатқанын көрдім. Меніңше, оны олар металлға өткізіп жіберген. Жалпы салмағы 120 тонна болатын. Ал шотыма ешқандай ақша түспеді. Соған қарағанда, ұрлау фактісі болған.

Зауыт қаржы қиындығына байланысты басқа қолға өткен. Ал заң бойынша басқарушы компания иесіне 3 күн ішінде мүліктері мен құжаттарын қайтарып беруі тиіс екен. Алайда, ол талап орындалмаған.

 Жанна БІЛӘЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 384-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды.

Ал зауытта үлесі бар деген Мұрат Нұрғалиев бізге камера алдында жауап беруден бас тартты. Жазбаша хабарда зауытқа оның еш қатысы жоқ екені айтылған. Тек кәсіпорынның белгілі өндірістік аумағын  баласы сатып алыпты. Бірақ, оны өздері пайдаланбағандықтан, басқа бір фирмаға жалға берген көрінеді.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Зауыттың бас акционерін кімнің кіргізбей жүргені әзірге беймәлім. Ал жоғалды деген тепловоз жұмыс істеп тұр дейді. Істің анық-қанығы енді сотта белгілі болмақ.
 
Ө. Қуанар