Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда мектептің құрылысына кедергі болған жер үй өртеніп кетті

  • AstanaTV
  • 04 қазан 2019
  • 2449

Қызылжарда мектептің құрылысына кедергі болған жер үй өртеніп кетті. Жергілікті әкімдік пен баспана иесінің арасындағы қарапайым келіспеушілік бүгінде ірі дауға айналған. Тараптар үйдің отқа орануын бір-бірінен көріп отыр. Ал полицейлер тергеу амалдарын қолға алды. Үйді кім өртеді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тарқатады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Мына екі қабатты коттеджге байланысты туындаған дау былтырдан бері жалғасып келеді. Білім ордасының құрылысы өткен жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс еді. Бірақ, қалалық әкімдік пен үйдің иесі бір ымыраға келе алмаған соң, құрылыс бірнеше айға тұралап қалды. Ал бүгін таңертен белгісіз себептерге байланысты үй өртеніп кетті.

Оқыс оқиға таңғы алтылар шамасында болған. Төтенше жағдай мамандары алдын-ала болжам жасаудан бас тартып отыр. Бірақ, оттың табиғи жолмен шықпағаны анық. Себебі, үйдің иелері пешті осыған дейін бұзып тастаған. Сондай-ақ, баспана электр қуатына қосылмаған көрінеді.

Рамиль КАМАЛОВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:


Үйдің өртеніп жатқаны жайлы ақпарат бізге сағат 5-55те келіп түсті. Төтенше жағдай мамандары оқиға орнына жеткен кезде баспана түгел отқа оранған. Тілсіз жауды ауыздықтауға жарты сағат уақыт кетті. Бұл үйде ешкім тұрмағандықтан адам шығыны болған жоқ. Өрттің нақты себебі тергеу жұмыстары аяқталған соң белгілі болмақ.

Ал Рамахиндер әулеті өрттің шығуына әкімдік кінәлі дейді. Екі қабатты үйдің құрылысы 2001 жылы басталып, күні бүгінге дейін толық аяқталмаған. Бірақ баспана иелері нысанды заңдастырып алғанын айтады. Олар бірінші қабатта қос гараж салып, өздері үстіңгі жағында тұрып келіпті. Ал былтыр мектеп салынар кезде жер үйдің орнына төрт бөлмелі үш пәтер сұраған. Есесіне, үш бөлмелі қос пәтерге ие болды. Алайда, тұрғындар қанағат тұтпай отыр.

Светлана РАМАХИНА, ҮЙДІҢ БҰРЫНҒЫ ИЕСІ:


Екі пәтер алған соң жолдасым менімен ажырасып кетті. Енді ол билік тарапынан қосымша екі пәтер талап етіп отыр. Әкімдік үйді бұзып тастамау үшін біз оларды үйдің маңайына жолатпай, нысанды күндіз күзетіп жүрдік. Ал өрт таң ата шықты. Үйді әкімдік өртеп жіберді. Мен олардың атына арыз жаздым.


Билік өкілдерінің айтуынша, жер үйді екі пәтерге айырбастап алғаннан кейін коттедж ресми түрде қалалық әкімдіктің меншігіне өткен. Онсыз да орнынан ысырылатын үйді өртеудің бізге еш қажеті жоқ дейді шенеуніктер.

Асқар ХАБИБУЛЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бағалау компаниясы жер үйді 16 миллион теңге деп отыр. Ал біз оның орнына жалпы құны 26 миллион теңге болатын екі пәтер бердік. Кейін тұрғын үй біздің атымызға көшті. Бірақ тұрғындар оны босатқысы келмеді. Бүгін сот адамдарды шығару жөнінде шешім шығаруы тиіс. Әкімдік үйді өрттеуге мүдделі емес. Себебі, біз оны бәрібір заңды жолмен ысырып тастаймыз.

Қазір полицейлер тергеу амалдарын бастап кетті. Тәртіп сақшылары құрылыс алаңындағы барлық бейнекамералардың жазбасын тәркіледі. Демек, арам пиғылды іске асырған адамның есімі жақын арада белгілі болуы мүмкін.

А.Құрманкин