Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда үй кезегі жылжымай тұр

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2019
  • 2510

Ал, Петропавлда жетімдерге арналған үй кезегі мүлдем жылжымайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтанда "Жас Отанның" төрағасы Дәулет Кәрібекпен өткен республикалық қоғамдық қабылдау кезінде белгілі болды. Мадина Нұрсейітова жетімдерге берілетін баспана тізіміне ілеккелі 10 жыл өткенімен, бірде-бір орынға қозғалмағанын айтып шағымданды. Өз кезегінде жасотандық  аталған мәселе заң шеңберінде қаралатынын айтты.

Дәулет КӘРІБЕК , "JAS OTAN" ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:

Тиісті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен проблемаларды шешуге тырысамыз. 15-20 күнде оларға жауабын айтатын боламыз.

Ал, еріктілер өздеріне жатақхана мен қоғамдық көліктерде жеңілдіктер қарастырылса деген өтініш айтты. Бұдан бөлек, көпбалалы ана Зейнеш Әлжімбаева кәмелетке толмаған баласын, орта арнаулы оқу орнына орналастыруды сұрады. 15 жастағы Ысмайыл аспаз болуды армандайды екен. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Бауыржан Қасабеков бұл мәселе партияның бақылауына алынатынын жеткізді.

Бауыржан ҚАСАБЕКОВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Жақын арада көпбалалы ананың мәселесі шешілетін болады. Оның ұлын арнайы курстан өтуге жолдаймыз. Жалпы бүгінгі қозғалған сұрақтар бойынша арнайы комиссия құрылады. Осыған дейін, бізге жүгінген барлық азаматтардың өтінімдері ескерусіз қалмайды.

Ғ. Өтемісов