Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендегі қиыршық тас өндіретін мекеме тұрғындар мазасын алып отыр

  • AstanaTV
  • 15 қазан 2019
  • 2198

Өскемен тұрғындары қиыршық тас өндіретін кәсіпорынның жұмысына шағымданды. Үйлерінің іргесінде орналасқан зауыт күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғанын айтады. Көкке көтерілген шаң-тозаңның кесірінен үйлерінің терезесін ашу түгілі, сыртқа шығудың өзі мұң. Ал жел тұрғанда тас борайды деп отыр.

Қиыршық тас өндіретін зауыт жолдың арғы бетінде орналасқан. Кәсіпорынның ауласындағы тас уататын қондырғы, тұрғындардың мазасын қашырған. Күндіз-түні айналаны шаңға көмгені аздай, у-шудан құлақ тұнды, тіпті түнде көз шырымын алу мүмкін емес, дейді тұрғындар.

Людмила ТУРНАЕВА, ТҰРҒЫН:

Үйді желдетейік десек, терезе аша алмаймыз. Шаң қонған перденің бәрі күйе секілді қап-қара болды. Кәсіпорын күндіз-түні тыным таппайды. Бұлай қинайтындай біздің не жазығымыз бар еді?


Бау-бақшасын баптаған тұрғындар, қиыршық тас өндіретін зауыт ауаны ғана емес, топырақты да ластайтынын айтып алаңдаулы. Ашуға мінген белсенділердің кейбірі зауыттың түнгі жұмысын да видеоға түсіріп алған. Тіпті ымырт үйірілген кезде де ауылдың үстін шаң-тозаңнан құралған бұлттың торлағаны айқын көрініп тұр.

Тұрғындардың шағымы қаншалықты жөн екендігін енді Экология департаментінің мамандары анықтамақ. Ықшамаудан халқы оларға да арыз түсіріпті.

Елена ПОЛЯНЦЕВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЭКОЛОГЫ:


Бізге осы кәсіпорынның үстінен 8 шағым түсті. Олардың барлығын қарастыру үшін облыстық экология департаментіне жолдадық. Қазір осы кәсіпорынның жұмысы тексеріліп жатыр.

Дегенмен дауға қалған зауыт басшылығымен тілдесу мүмкін болмады. Ал экологтар жақын күндері нақты жауабын бермек. Осылайша кәсіпорынның қаншалықты зиянды екендігі және тас уатқыш қондырғыны тұрғын үйлерге жақын маңнан орналастыруға кімнің рұқсат бергендігі мәлім болмақ.

Е. Карин