Ақтауда граната жарылысынан бір қолынан айырылған әскери қызметкердің анасы Президентке хат жолдады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлына қатысты қылмыстық істі тергеуде ықпал етуді сұрады. Себебі ұлын кінәсіз санайды. Сарбаздың анасы Балапан Нұрмұқанова бөлім басшылығы өз міндетіне немқұрайды қарағанына сенімді. Бірақ әскери бөлім басшылары қауіпсіздік ережелерін сақтамағаны үшін сарбазды айыптап отыр дейді. Егер кінәсі дәлелденсе, 6 миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Ал Сергей Кошелев гранатаны жасанды деп ойлағанын айтты.
Сергей КОШЕЛЕВ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ:
Бұл жерде менің қызметтестерім де жүрді және оларға да граната берілді. Олармен сөйлестім, олар да гранатаның шынайы екенін білмеген, жарылыс болған кезде, радиостанция жарылды деп ойлаған. Мен де кінәсізбін демеймін, оқыс жағдайда менің де айыбым бар. Себебі оны ұстамауым керек еді.
Сарбаздың қорғаушысы Қорғаныс министрлігін айыптап отыр. Тіпті мүгедек болып қалғаны үшін жауап беруі тиіс деп мәлімдеді. Ал сарбаздың қауіпсіздік нұсқаулығымен танысқаны жөніндегі қойылған қолы жасанды дейді.
Намиг ВЕЛИЕВ, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІНІҢ АДВОКАТЫ:
Оған жауынгерлік дағдыларын толыққанды үйретіп, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру министрліктің міндеті болатын. Мұндай шаралар қолданылмаған. Қандай да бір немқұрайлылық болған. Жарылыс соның салдарынан болды деген үміт бар. Менің ойымша, бұл жағдайда сарбаз қолынан айрылғаны үшін жауапкершілік Қорғаныс министрлігіне жүктелуі тиіс.
Алайда, Қорғаныс министрлігі ешкімді айыптауға асықпайды. Министр Нұрлан Ермекбаев тараптар ұсынған барлық нұсқаларды қарастырып, бір шешімге келетінін жеткізді.
Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Егер сарбаздың кінәлі екені расталса, онда әскери бөлімнің залалды өтеуді талап етуге құқығы бар. Бірақ әзірге нақты бірдеңе айту қиын.
Ғ. Өтемісов