Қарасудағы қараңғы тірлік. Алматыдағы осы ықшам ауданда қылмыс өршіп тұр. Осылай деген тұрғындар көшеде жарық орнатылмағандықтан ұры-қарылардан басымыз бәлеге қалды деп отыр. Халық ымырт түссе жолы да оңып тұрмаған көшеде соқыраңдап, үйлеріне әрең жететіндерін айтады. Әсем Лесбек мұндағы жарық пен жол мәселесі қашан шешілетінін анықтап көрді.
Болат Юсупов «Қарасу» ықшамауданындағы ұры-қарылардан зардап шеккендердің бірі. Қарақшылар бір түнде оның көлік аккумляторын қолды қылған. Алдымен көліктің дабыл қаққышын істен шығарып, шетелдік бағалы аккумуляторларын үптеп кеткен.
Болат ЮСУПОВ, «ҚАРАСУ» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Таңертең шықсам ішіндегі қағаздар бәрі аударылып жатыр. Есігі ашық. Оталдырайын десем, оталмайды, капотын ашып қарасам аккумлятор жоқ. Ұрлап кетіпті. Біреуінің сөмкесін ұрлап кеткен, біреуінің аккумляторын сол бәрі жарық жоқ соның есірінен.
Тұрғындар ықшам ауданға қоныстанғалы бері мұндағы төрт көшеге жарық жүйесі мүлде тартылмағанын айтты. Жұрттың айтуынша, соның кесірінен ұрлық жиілепті. Жарық тартуды сұрап, талай табалдырық тоздырған Замандин Тургеев ақыры көше жарығын өзі орнатқан. Әйтпесе ұры-қарылардан көз ашпай қалдық деп отыр.
Замандин ТУРГЕЕВ, «ҚАРАСУ» ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мына жерде менің балам тұрады. Былтыр үш рет биыл екі рет ұры түсті үйіне. Келінімді ана жерден тонап кетуге аз қалды. Балаларды жібереміз мектепке барып келгенше жанды қолға ұстап отырамыз. Машина қағып кете ма, ұрлап кетема, жарық жоқ, жолдар тар, тратуар жоқ.
Тұраш АТАЙБЕКОВА, «ҚАРАСУ» ЫҚШАМАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Он жеті немерем бар. Мына балалар үшін мектепке бару өте қиын. Апарып келіндерім қайтып әкеледі. Свет жоқ қорқады.
Ал шенділер аудандағы көшелерге жарық келесі жылы беріледі деп сендірді.
Төребек БАЙЫМБЕТОВ, АЛМАТЫ қ. АЛАТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ КӨРІКТЕНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Қарасу бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға ұсыныс берілген. Оның ішінде барлық көшелер бар. Аралқұм, Балауса Қарасуда қай жерде көше жарығы жоқ түгелмен берілген. Жылдың аяғына дейін жобалық құжаттаманы бітірсе, келесі жылы құрылысына қаржы бөлінеді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Шағын аудан көшелеріндегі жолдардың жағдайы да мәз емес. Көріп тұрғанымыздай мұндағы терең шұңқырларға жиналған су, көлшікке айналған. Тұрғындар бұл жерден жаяу өтпек түгілі көлікпен де жүре алмаймыз дейді.
Шалшықтан аяқ алып жүре алмайтын жұрт көшеге суағарлар мен арықтар жасалса, мұндай болмас еді деп отыр. Ал 20 жылға созылған жарықтандыру мәселесі бір жылда шешілетіндігіне күмәнмен қарайды.
Ә. Лесбек