Русский Сайттың толық нұсқасы

Шетелге ұшпақ болған астаналықтар туристік агенттікке алданғандарын айтты

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2019
  • 2712

Шетелге ұшпақ болған астаналықтар туристік агенттікке алданып қалды. Миллиондаған қаржымыздан қағылдық деген олар енді турфирманың басшысын таппай сабылып жүр. Ақшасын даулаған туристерге жолдаманы «КороноТрэвел» мекемесі беру керек болған. Соған қарамастан, "басқа тұрғындарды құрығына түсіруді жалғастырып келеді»,  дейді алданған туристер.

Қымбат қонақ үй мен теңіз жағасында естен кетпес демалыс ұйымдастырып береміз деген турфирманың уәдесіне имандай сеніп қалған Дана Бимаханова енді бармақ тістеп отыр. Ол 28 қыркүйек күні Египетке ұшып кетуі керек болған. Ол үшін туристік агенттікке 542 000 төлепті. Алайда, саяхатқа бірер күн қалғанда компания хабар-ошарсыз кетіпті.

Дана БИМАХАНОВА, ТҰРҒЫН:

Ұшуға 3 күн қалғанда телефондары өшірулі болды. Сосын ұлыма фирмаға барып, жағдайды білуін өтінгенмін. Ол мекеменің есігі бекітулі екенін, бірнеше адамның компания басшысын іздеп жүргенін айтты. Демалыстың болмайтынын сол кезде анық түсіндім. Фирма жетекшісі артынан бізбен байланысқа шықты. Өз кінәсін мойындап, ақшамызды түгелімен қайтарып беремін деп қолхат жазып берді. Алайда, оның да мерзімі өтті. Енді қолымызда не ақшамыз, не жолдамамыз жоқ.

Шетелге ұшамыз деген 10 шақты адамның жоспары күл талқан болды. Олар «турфирма қаржылық қиындыққа тап болғанына қарамастан, жұртты алдауын тоқтатпай келеді» дейді. 

 Айгүл ГАЗЕЗОВА, ТҰРҒЫН:

9 қазанда мен оларға әдейі жаздым. Ата-анаммен бірге саяхаттауды жоспарлап жатқанымды айттым. Ол еш қымсынбастан, жолдама құны 830 000 теңге болады деді. Мен келістім. Бірақ бара алмаймын, үйіме келіңіздер дедім. Кешке қарай, ұялмай жолдаманың келісімшартын әкеліп тұр.


Демалысы дауға ұласқандар енді міне кезек-кезек аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазып жатыр. Алайда, олардың бұл әрекеттерінен түк шықпады. Полиция қызметкері «ынтымақтастық аясында жасалған келісімнің күші жойылмаса, қылмыстық іс қозғай алмаймыз» дейді.

Диас ТОҚАТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз арыздарды қабылдадық. Бірақ оған қатысты іс қозғай алмаймыз. Себебі, олар турфирмамен келісімге тұрған. Бізге келмес бұрын, сот арқылы ынтымақтастықтың күшін жою керек. Сосын барып, біз әрекетке көшеміз.

Турфирма басшысына әлеуметтік желілерде көрсетілген байланыс нөмері арқылы хабарластық. Ол компанияны банкротқа ұшырамады деп отыр. Мекеменің жалға беру құнын төлей алмаған соң, уақытша жабуына тура келіпті. Бірақ, демалысқа бара алмай қалғандардың бір тиынына дейін қалдырмай қайтарып беретінін айтты.

Гүлзат ЕРМЕКОВА, «CORONO TRAVEL» ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Олардың уақыттары әлі бар. Жаңағы 9 договордың ішінде 25,27, октябрьде ұшатындары бар. Біз оларға официальный письмо жазып жібердік. Хаттама жолдадық. Что они не улетают. Ұша алмайтыны туралы. +Біз 1-2 адамды уже полностью жаптық. Жаңа сосын 9 адам дедім ғой. Соның ішінде қазір жарты-жартыдан ақшаларын қайтарып бердік. Біздің приоритетте ең бірінші сол туристеріміздің ақшасын толық қайтарып беру. 

Алайда, заңгер туристік агенттіктің әрекетін алаяқтыққа балап отыр. Оның пікірінше, компания қаржылық қиындыққа тап болғанын білгеннен кейін туристерді бірден құлақтандыруы керек.

Бағдат СҰЛТАНОВА, ЗАҢГЕР: 

Турфирма иесі қолхат жазып берген болса, онда ақшаны қайтара алмау себебі түсіндірілген деп ойлаймын. Соны көрсетіп және оның басым ауырды деп хабарсыз кеткенін айғақтап, тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша ішкі істер бөліміне қайта арыз жазуы керек. Сотқа да шағымдануы керек. 

Туристік агенттіктің мәліметінше,  қазір 9 адамға 9 млн теңге қайтарылу керек. Алайда, жолы болмаған жолаушылар алданғандар санының одан да көп екеніне сенімді. Ақшасын даулағандар істі аяқсыз қалдырмаймыз деп сотқа дейін баруға бел буып отыр.


А. Мүтәлі