Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы балық қырғынынан келген шығынды айыпталушылар да өтесін,- жәбірленуші тарап

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2019
  • 1424

Атыраудағы балық қырғынынан келген материалдық шығынды кәсіпорынмен қатар  айыпталушылар да өтесін. Жәбірленуші тараптар «Атырау су арнасы» мекемесімен бірге сол кездегі басшылықты да жазалауды сұрайды. Сот отырысына қатысып қайтқан әріптесім Базаргүл Нәдірқызы тақырыпты жалғастырады.

Балық жаппай қырылып қалған бұл істе, жәбірленуші тарап - үшеу. Тауарлы бекіре өсіретін «Луговой» жылқы зауыты, «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру кәсіпорны және облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы. Олар балықтан келген шығынды өтеуге «Атырау су арнасы» мекемесімен бірге, айыпталушылардың да міндеттелуін сұрады.

Әйгерім АЙТҚОЖАҚОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ ӨКІЛІ:

"Жайық" өзенінен жалпы салмағы 14 мың 273 келі өлі балық жиналды. Нәтижесінде «Атырау су арнасы» моммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны мемлекетке 13 млн 924 мың теңге шығын келтірді. Соттан аталған істе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясын азаматтық талапкер деп тануыңызды сұраймын. «Атырау су арнасы»,  айыпталушылар Руслан Құрметов, Виктор Сущенко және Михайл Чурсиннің жылжымайтын және жылжитын мүліктері мен екінші деңгейдегі банктегі есепшоттарына тиым салуыңызды сұраймын.  

Ал 36 мың дана, яғни 101 тонна бекіресі түгелімен қырылып қалған «Луговой» жылқы зауытының өкілі зауытқа келген шығынның көлемі сот процесі аяқталғанша өзгеретінін атап өтті.  Себебі кәсіпорын кінәлілерден балықтан бөлек, заңгерлік қызмет көрсететін компанияның шығынын да өндіруді көздеп отыр. Алайда іле-шала сөз алған адвокаттар бұған қарсылықтарын білдірді.

Бауыржан ОРАЗОВ, АДВОКАТ:

Бұл жерде айтылғандай егер балық «Атырау су арнасы» өнеркәсіптік қызметінің нәтижесінде өлген болса, менің қорғауымдағы Виктор Сущенко азаматтық жауапкер болуы мүмкін емес. Жоғары Соттың Қаулысымен бекітілген нормативтерге сәйкес, экологиялық заң бұзушылықтарда шығынды кәсіпорын өтейді және Луговой жылқы зауытының шығыны 326 млн теңге деп есептелген болатын. Бұл бағалау қылмыстық іс барысында 2019-шы жылдың  тамызында жүргізілген еді. Қазір, жалпы айтқанда, шығын 1- 1 жарым млрд теңгеге дейін жетті дейді. Меніңше, Луговой жылқы зауыты өзінің азаматтық құқықтарын асыра пайдаланып отыр.


Естеріңізге салайық, балық өлу дерегі былтыр желтоқсан айының басында тіркелген еді. Кейін "Жайық" өзенінде қара балық, екі зауытта бекіренің жаппай қырылғаны белгілі болды. Қазір аталған оқиғаға байланысты «Атырау су арнасы»  мекемесінің экс - директоры Руслан Құрметов, оның орынбасары болған Виктор Сущенко және су тазарту станциясының бастығы Михаил Чурсин айыпталып отыр.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Оларға Қылмыстық Кодекстің 2 бірдей бабымен, яғни «Қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге әкелген жерүсті суларын ластау», «Аса ірі залал келтірген бөтеннің мүлкін абайсызда жою» іс қозғалған. Сондай-ақ кәсіпорынның экс-басшысы Руслан Құрметовке «Салғырттық» бабы бойынша қосымша айып тағылған.

Б.Нәдірқызы