Русский Сайттың толық нұсқасы

Сирияда қарулы қақтығыстарға қатысқан лаңкестер сотта жауап берді

  • AstanaTV
  • 23 қазан 2019
  • 3552

Бізден «Рэмбо» жасады. "Жусан" операциясымен елге оралған 14 азаматтың ісіне қатысты сотта, айыпталушының бірі- осылай деді. Олар Сириядағы өмір салтымен бөлісті. ДАИШ террористік ұйымының құрамында әскери дайындықтан өтіп, қару атып үйренген. Тіпті кейбірі бірнеше рет қан төгіс қақтығыстарға қатысқан. Қазақстаннан қашып, Сириядан содыр болып оралғандар жайлы Әлихан Асқарұлы айтып береді.

Алдымен сөз алған айыпталушы Руслан Қуанов. Оның Сириядағы лақап аты «Аббас». Ол - Ақтөбе облысының тумасы. Араб тілін жетік меңгерген. Мысырдың Каир, Александрия қалаларына діни сауатын жетілдіруге барған. Қасындағылардың арбауына ілесіп, 2014 жылы Шам еліне аттаныпты. Сол жерде әскери дайындықтан өткен.

Руслан ҚУАНОВ, АЙЫПТАЛУШЫ:

Турник, бруся, жүгіру. Күнде таңертең жүгіреміз, суға түсеміз, жүзетіндер жүзеді. Автомат атуды үйретті - Калашников. Бізді «Рэмбо» қылып жіберді, короче.


Айтуынша соғыс алаңдарында болған. Өзімен бірге қарулы қақтығыстарға қатысқан достарының барлығы көз жұмыпты. Өзі де бірнеше жараланған.

Руслан ҚУАНОВ, АЙЫПТАЛУШЫ:
 
Аяғыма оқ тиді. Оқ тигенде аяғым сынды кәдімгідей сүйегі, сол кезде етпетімнен құладым, короче. Аяғымды көрдім, аяғым бейтіп керісінше майысып жатыр. Сосын жайлап аяғымды түзеп, жаттым. Ровно бір сутка жаттым. Сосын бір суткадан кейін бізге операция жасады. Сол жақта врач болған - курд. Ол курдттың "дауләнің" адамдары сол курдттың тума-туыстарын өлтіріп тастаған екен. Ол да кәдімгі өш ретінде кейбір адамдардың аяқтарын кесіп тастады, жаңағыдай іріңдеп кетті деп. Біреулердің қолдарын, біреулердің нервыларын кесіп тастады. Ол болған, ол рас.


Ал, мына айыпталушының туыстары, оның түрін көрсетуге қарсылық білдірді. Ол Ауғанстан-Пәкістан шекарасында орналасқан лаңкестік ұйымда әскери дайындықтан өтіпті. Ол Мысырдағы Әли-Асқар оқу орынында оқып жүрген кезде Абдулла есімді азаматпен танысқан. Абдулла Сириядағы «джихат» үшін күреске шақырғанын жеткізді.
 
«Жусан» операциясымен елге қайтарылған бұл содырлардың қылмыстық ісі - 90 томнан тұрады. Айыпталушылардың үлкені 1969, кішісі 1997 жылдары туған. Сирияға алғашқылары 2009, соңғысы 2016 жылдары аттаныпты. Олар террризм баптарымен айыпталып отыр. Кінәлары дәлелденсе, кемі 12 жылға жаза арқалауы мүмкін.

 
Ә. Асқарұлы