Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаулықтар сусыз отыр

  • AstanaTV
  • 24 қазан 2019
  • 2863

Ақтаудағы жаңа ықшамаудан тұрғындары сусыз отыр. Амалы таусылған олар қазір суды литрлеп сатып алуға мәжбүр. Судан тарыққаны аздай, дәретке отыру проблемаға айналған.

Тұрғындардың сусыз отырғанына бүгін төртінші күн. Айтуларынша, алдымен судың ағысы нашарлап, кейін мүлдем тоқтап қалыпты. Тіршілік нәрінен тарыққан үш көп қабатты үйдің жүздеген тұрғыны қазір суды дүкеннен сатып алады.

Райхан ҮМІТОВА, ТҰРҒЫН:

Мен өзім 5-этажда тұрамын. Және біз күнделікті суымызды сатып алып жатырмыз. Шамамен 3 литр суды біз қазір дүкеннен 500 теңгеге сатып алып отырмыз.


Рахмет ОМАРОВ, ТҰРҒЫНЫ:

Кеше бір жерді қазып, кінәратын таптық деп қазған жерінен бүгін айнып, басқа жерді қазып, екінші жерді жөндейміз деп жатыр. уәде береді. Уәдесі бірақ орындалып жатқан жоқ. Мына үйлерде дәретхананы пайдалану мүмкін емес. Жуынатын су жоқ. Баласы бар адамдарға тіпті қиын болып жатыр. далаға шығатын далада ашық туалет жоқ. Ашық жерге отырса, полиция ұстап алады, жазалайды, оны ешкім түсінбейді үйлерінде су жоқ екенін.

Тұрғындар осы үйлерді салған құрылыс компаниясына бірнеше рет шағымданыпты. Олардан қайыр болмаған соң, коммуналдық кәсіпорындарға да жүгінген. Су құбыры жарылғаны білгілі болды. Бір қызығы, ақау шыққан жерді екі күн дегенде әрең тапқан құрылыс компаниясы тұрғындарға өкпелі.

Александр ПАРОКОННЫЙ,  ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Жүріп келе жатқан мәшиненің сынып қалатыны секілді, бұл да техникалық тұрғыда қалыпты жағдай. Бұл жердегі құбырдың ұзындығы 450 метр. Қай жердің жарылғанын табуға бір ай кетуі мүмкін еді. Бірақ біз екі күнде таптық. Бірақ бұл жақсылығымызды елеп жатқан тұрғындар жоқ.


Бұл тұрғын үй кешені осыдан бір жарым жыл бұрын пайдалануға берілген. Мердігердің сөзінше, мұндай апат сол кезден бері алғаш рет орын алып отыр. Компания өкілдері судың бүгін берілетінін айтты. Бірақ бұған тұрғындар сенбейді.

Е. Карин