Қызылорда облысында қауіпсіздік ережелерін ескермеген екі адам қаза тапты. Жазатайым оқиға Әйтеке би ауданында болған. Құрылысшылар 12 метрлік биіктен құлап кеткен. Полиция бұл іске қатысты тергеу амалдарын бастады. Біреуі оқиға орнында жан тапсырса, екіншісін дәрігерлер аман алып қала алмады. «ҚазҚұрылысСервис» компаниясының өкілдері қайтыс болғандардың жуықта ғана жұмысқа қабылданғанын хабарлады. Алайда екеуіне де техникалық қауіпсіздік ережелері түбегейлі түсіндірілген деп отыр. Оқиға орнында жан тапсырған құрылысшының жасы жиырма тоғызда.
Бағдат ҚҰЛТАНОВ, «ҚАЗ ҚҰРЫЛЫС СЕРВИС» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Монтажный поясы, бәрі берілді. Аяғы тайып кеткен ғой. Монтажный белбеулерің дұрыс тақпаған ба. Техника безопасностыдан өткізіп, түсіндіріп, сөйтіп барып қабылдаған ғой.
Қазір мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұр. Полициямен қатар билік тарапынан арнайы комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Қайтыс болған құрылысшының артында екі баласы қалды. Екіншісі үйленбеген. Әкімдік олардың отбасына көмек көрсететіндерін жеткізді.
Гүлжахан ҚАЙЫРБЕРГЕНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Оқиға бойынша Қазақстан республикасы Қылмыстық кодексінің 156 бабының 4 бөлігіне сәйкес -«Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет»-сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда.
З. Санай