Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының тұрғындары үйлеріне кіре алмай жүр. Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспана 1 ай бұрын берілген. Сол кезде кілтін алған тұрғындар пәтерге көше алар емес. Өйткені қараша кеп қалғанына қарамастан үйге газ жүргізілмеген.
Айнұрдың ұзақ жыл армандаған баспанасына қоныстана алмай жүргеніне айдан асты. Айтуынша, жаңа үйге әлі күнге газ өткізілмеген. Тіпті қашан қосылатынын да білмейді. Амалы таусылған келіншек бес баласымен бірге пәтерге қоныстанар сәтті асыға күтіп жүр.
Айнұр ҚАЖИАХМЕТОВА БҚО, ТЕРЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қуанып кілтті алдық, бірақ қуанышымыз көпке бармады. Кіре алмай әлі жүрміз, білмеймін. Шаршадық уже.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша Теректі ауданында 24 отбасы пәтерлі болған. Үйдің кілтін облыс әкімінің өзі салтанатты түрде табыстаған. Бірақ салтанатты рәсім аяқталған соң, құрылыс компанияларының өкілдері пәтердің кілтін кері сұрап алған. Содан бері үйлеріне кіре алмай жүр.
Айкенже ЖҰМАДІЛДАЕВА БҚО, ТЕРЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Құрылыс компаниясының өкілдері газ құбырындағы қысымды тексереміз деп хабарсыз кетті. Содан бері олардың уәдесіне тойдық. Жаңа үйге көшеміз деп отын да сатып алмадық. Қазір басқа үйді жалдап тұрып жатырмыз. Басқа амалымыз жоқ.
Ал аудан әкімі газ желісі бөлек сметамен жасалғанын айтады. Сондықтан оны тексеруге уақыт керек. Тіпті бұл іспен айналысу үшін өзінің бір орынбасарын арнайы бекітіпті.
Әділ ЖОЛАМАНОВ БҚО, БҚО ТЕРЕКТІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Кілттерін бердік, бірақ өздеріне ескертіп айттық. Газдың мәселесі... біз опрессовка жасаймыз. Ол деген ойыншық нәрсе емес. Ертең бір үйде жарылып кететін болса, ол дұрыс болмайды. Екі-үш рет біз қосуға ұмтылдық. Бірақ опрессовка деген болады. Әр жерден су, ауа ағып тұрады. Сондықтан оны біз бере алмаймыз ғой, сондықтан кішкене кешіккендері рас компаниялардың.
Аудан әкімінің сөзінше, мұның бәрі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Ал үйге газды қосу жұмыстары бүгін басталады. Яғни, алдағы демалыс күндеріне дейін 24 пәтер түгелдей көгілдір отынмен қамтылады деп сендірді.
Е. Карин