Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлықтар шу шығарды

  • AstanaTV
  • 31 қазан 2019
  • 1719

Павлодарда 2 жылдан бері құрылысы аяқталмаған көп қабатты үй тұрғындары шу шығарды. Олардың мердігерлер мен шенділерге өкпелері қара қазандай. Өйткені тұрғындар 2018 жылдан бері үйді қолданысқа тапсырамыз деген атқамінерлердің құрғақ уәдесіне әбден тойғанын айтады. Шыдамы таусылған тұрғындар енді баспана тапсырылмайтын болса, үйдің қасына шатыр құрып, сонда түнейміз - деп отыр.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

9 қабаттан тұратын тұрғын үй «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бой көтерген. Мұнда барлығы 72 пәтер бар. Баспана "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" салымшылары мен үй кезегінде тұрғандарға және мемлекеттік қызметкерлер арнап салынған. 

Әсемгүл Жұмабаева бұл үйден пәтер алу үшін банктен несие алыпты. Сол арқылы ол пәтердің 30 пайыздық алғашқы жарнасын төлеген. Енді ай сайын 49 мың теңге несие төлейді. Оған қоса, бір баласымен пәтер жалдап тұрып жатқанын айтты. Сондықтан, оған осыншама қаражатты төлеп тұру қиынға соққан. Тұрғынның сөзінше, мердігер үйді былтырғы  жылы тапсыру керек болған. Алайда, пәтер әлі күнге дейін дайын емес көрінеді.

Әсемгүл ЖҰМАБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Міне, 16 ноябрда тапсырам дейді осы үйді қалай мен осы үйде егер қазір осында отоплание жоқ, свет жоқ, жылу жоқ, су жоқ. Қалай мен тұрам осындай үйде баламмен кеп мұнда. Мен еще мамамды қарт адамды алып келем менімен бірге тұрады. Ауылда 1 жыл тосып жатыр қашан менің үйім дайын болады деп. Уже мамам да шаршады.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің құрылысы 2017 жылы басталыпты. Жоспар бойынша  тұрғын үй 2018 жылы пайдалануға берілуі керек болған. Алайда, жауапсыз мердігерлердің кесіренен құрылыс тоқтап, бірнеше мердігер ауысты деп отыр.

Зураш АХМЕТОВА, ТҰРҒЫН:


Қанша халықты зарлатып отыр. 17 жылдан бері міне 19 бітіп жатыр. 3 жыл күту деген бір пәтерді бұл сұмдық болды. Еңбегіміз де өзгерді, кірісіміз де өзгерді. Жоғалған еңбектеріміз де бар. Қанша қаражат жоғалтып жатырмыз. Пәтер жалдап тұрады. Осы үйді күтумен халықты алдағанға ыза боп тұрмыз енді шыны керек.


Мердігер компания өкілінің  айтуынша, қазір құрылысы жұмыстарының 99 пайызы аяқталған. Тек екінші подъезде ғана жылу мен жарық, су жабдықтарын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондықтан, алдағы бірнеше күнде  ішкі жұмыстар аяқталады деп отыр.

Тәңірберген ЕЛУКИН,  МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

Мына подъезде екі этажда жылу жоқ қазір. Қазір істейді и береді, болды. Мен өзім тексеріп жүрмін. Кеше кешке таман келдік зам-мен. Тексеріп шықтық, где то бізге ұнамағынын таңертең шақырып алып, мына жерді істеңдер. Қайталап істеп жатыр, болды. А так бәрі дайын.

Ал әкімдік өкілдері құрылыстың кешеуілдеуіне мердігердің кінәсі болғанын растады. Сот оны жауапсыз мердігер деп таныпты.

Мақпал ҚАРЖАУБАЙ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Аталмыш нысанда ішкі әрлеу жұмыстары, жылу және сумен жабдықтау желілеріне қосу, жедел сатыны жөндеу өткізіліп жатыр. Осы іс-шараларды біз 15-қарашаға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Амалы таусылған тұрғындар енді 15-қарашада үй пайдаға берілмейтін болса, үйдің қасына шатыр құрып, сонда түнеуге бекініп отыр.

Ө. Қуанар