Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында газ құбырына жақын орналасқан тұрғын үйлер сүрілуі мүмкін

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2019
  • 3656

Үй салғанымызда ол жерде ешқандай газ құбыры болмады. Бірнеше қызылордалық отбасы жергілікті билікпен әлі соттасып әлек. Қарыз алып баспана көтерген жерден газ құбыры өткен. Бұл қауіпті деген жергілікті билік баспаналарын сүрмек ниетте. Толығырақ, тілшіміздің материалында.

Бұл жер учаскесін көпбалалы Қайранбаевтар отбасы екі жыл бұрын алған. Аз ғана айлығы мен бала-шағамыздың жәрдемақсымен тұрғыздық, дейді. "Кірдік-ау" дегенде оның қауіпті, яғни күзетілетін аймақ екенін айтқан.

Жазира ҚАЙРАНБАЕВА, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Интергаз аймақтық компаниясынан келіп, үйімізді бұзамыз дейді, үйімізді салып болғаннан кейін. Енді не үшін бұзасыздар десем, Ақшабұлақпен келген газбен үйдің ара қашықтығы 150 метр болу керек дейді. Ал енді мен жердің документын бәрін ашып, зерттеп келіп қарасам, 2004 жылы жер беріледі де, 2006 жылы газ жүреді. Сонда акимат қайда қарап отыр?

Бала-шағасының амандығына алаңдаған біраз тұрғын үйін тастап, жалдамалы пәтер жағалап кеткен. Ұрылар олардың бос тұрған үйінің дымын қалдырмады.  

Бағдат ИСАБАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына жақтағы терезелерді бұзған, іштегі ағаш есіктерді, сыртқы темір есікті бәрін алып кеткен шешіп. Мына жақта ілініп тұрған кухонный гарнитурымыз, спальный, диванымыз, шкафтарымыз, бәрін алып кеткен.  Өзім 2013-те алып, 2014-те құрылысты аяқтап, ішінде отырдым. Ең жақын орналасқан осы үй, 74 метр, охранная зонаға кіріп кеткен деп, сол себепті бұзулу керек деген қағаздар қайта-қайта келе берді. Сол себепті қалаға көшіп кеттік, пәтерге.

Ақерке МҰХАНОВА, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2014-тен бастап фундаментын құйып, салдық. Қанша малымыз кетті, қанша кредит алдық, сол бар ақша осыған кетіп жатыр.  Енді екі баламен тентіреп, далада жүрміз қазір, әркімнін квартирасында. Әкімшілік газға сілтейді, газ әкімшілікке сілтейді.

«Интергаз Орталық Азия» компаниясы, Қызылжарма әкімдігі мен тұрғындары арасындағы сот ісінің созылып келе жатқанына 2 жыл болған. Әр тарап өз ақиқатын айтып, бір бітімге келе алмай келеді.

Қамар ӨСЕРОВА, «ИНТЕРГАЗ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ» АҚ ӨКІЛІ:

Бұл жердегі негізгі мәселе тұрғындардың амандығы. Біз осыған кім жауапты екенін және тұрғындарға материалдық  шығынды кім өтейтінін білгіміз келеді.

Ал жергілікті билік, магистралдық газ құбырын жүргізу жайлы олармен ешкім келіспегенін алға тартады.

Баттал ЖАРЫЛҚАСЫН, ҚЫЗЫЛЖАРМА АУЫЛЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӨКІЛІ:

2006 жылы жер учаскелерін беру кезінде магистральдық құбыр, оның күзет аймақтары мен тиісті қашықтық туралы хабарлама болған жоқ. Және магистральды газ құбырын жүргізу Қызылжарма ауылдық округі әкімі аппаратымен келісілмеген. Яғни, қазіргі уақытта талапкерлер тиісті құқықтары жоқ жерге таласып отыр. Мемлекеттік акт болуы керек, ал оларда жоқ.

Бес отбасы қауіпті аймақтан көшуге дайын, бірақ сүрілетін үйлері үшін өтемақы төленген жағдайда ғана. Ал оларға жергілікті билік тек өзге аудандардан жер ғана ұсынып отыр. Жер алып, тағы да үй соғуға тұрғындардың ақшасы жоқ. Барлығымыздың несиелеріміз бен қарыздарымыз бар, дейді.

Ә. Өмірзақ