Нұр-Сұлтанда екі күн ішінде 30-дан астам көлік жүргізуші мас күйде ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады. Ал жол қозғалысы ережесін бұзғандар саны 900-ден асып жығылады. Қоғамның құтын қашырған көлік жүргізушілері кімдер? Ғалымжан Өтемістің репортажы.
Елорда тұрғыны жеке автокөлігі бола тұра бірнеше айдан бері қоғамдық көлікпен жүреді. Өйткені ішімдік ішіп, көлік жүргізген ол жол ережесін бұзған. Сөйтіп жүргізуші куәлігінен айрылыпты.
НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осыдан бір-екі ай бұрын тойдан сәл ұрттап, көлік жүргізген едім. Өзім есімді білемін. Жолда телефон қолданғанымды көріп, гайшниктер тоқтатты. Сол жерден шағын айыппұл салып, 1-жылға куәлігімнен айырды.
Жыл басынан бері көлікке мас күйінде отырған 800 адам әкімшілік жазаға тартылған.
Софья ҚЫЛЫШБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Көлікті мас күйінде жүргізген жүргізушілер ықтимал қылмыскер саналады. Сондықтан ондай тұлғаларға қатаңдық танытамыз. Тіпті, ішімдік ішкен күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен 3 жылдан 10 жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.
Алайда кейбір көлік тізгіндегендерге жүргізуші куәлігінің болмауы тосқауыл емес. Сондықтан қоғам белсенділері мұндай тәртіп бұзушылар үшін жазаны қатаңдатуды сұрайды.
Руслан ЛАЗУТА, "ОСА" ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:
Қазақстан жол көлік оқиғасы бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі. Мұның салдарынан өлім-жітім де артып келеді. Әсіресе масаң күйде көлік жүргізетіндердің қатары көп. Мұндай қылмыскерлер үшін жауапкершілікті күшейту керек.
Қаладағы "Наркология және психотерапия" орталығы мамандары соңғы бір жылда 3 мыңға жуық науқасты қабылдапты. Олардың қатарында ішімдікке тәуелділері де бар.
Тоқтар ҚОЙШЫБЕКОВ, НАРКОЛОГ:
Мас болу жағдайы анықталғанда, олардың көпшілігімен алдын-ала профилактикалық әңгімелесу жүргізіледі. Ал ішімдіккке тәуелді екені анықталса науқастарды емдейтін боламыз.
Полициялықтар жол ережесін бұзғандарды, әрі ішімдік ішкендерді ұстау үшін жиі рейд жүргізуді әдетке айналдырған.
Ғ. Өтемісов