Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда «Құмаршық дәні» ескерткіші қойылды

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2019
  • 9892

Атырауда құмаршыққа ескерткіш қойылды. Құмды-шағылды жерде өсетін бұл өсімдіктің дәнін ашаршылық жылдары халық бидайдың орнына азық еткен.  Қуырып, диірменге тартып, нан пісірген. Еліміздің шағылды аумақтарында өсетін құмаршықты ,әсіресе, Нарын бойы халқы көп пайдаланған деген дерек бар. Аштық зұлматынан аман алып қалған құмаршыққа қойылған  ескерткіш -  ұлт тарихына  деген құрмет,- деді  салтанатқа жиналғандар.

Биіктігі 4 метр композицияда алдымен дөңгеленген дән көзге түседі. Бұл - сонау зобалаң жылдары халық диірменге тартып, талқанынан көже пісірген құмаршықтың дәні. Ескерткіштің алдыңғы бөлігінде өсімдіктің шөбі, тостағанда дәні бар қазақ әйелі мен  ашаршылықтан аман қалған ұл мен қыздың  бейнесі бар.  Ескерткіш гранит пен қоладан тұрғызылған.
  
Асылбек МҰХАМЕТЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАН СӘУЛЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Бұл -  осы бағыттағы алғашқы туындым. Мені қызықтырғаны  мұнда тарих жатыр. Өсімдіктің пайдасы қандай болды? деген сауал мені осы жұмысты атқаруға итермеледі. Композиция бірден пайда болған жоқ. Негізгі идеяға келгенше екі жарым жыл жұмыстандық.  Көптеген варианттар ұсынылды, көптеген мүсіншілер қатысты.

Аңыз бойынша, құмаршық ботасын іздеп боздаған аруанадан тамған бір тамшы сүттен пайда болыпты. Ескерткіштің ашылуына келген қариялардың айтуынша, ата-бабамыз тікенді өсімдікті шауып, кептіріп, дәнін бөліп алатын уақытты қатаң сақтаған. Олар құнарлы құмаршықтың  дәнін жинау процесі өте қиын екендігін еске алады. 

Тұрсын ҚАЛИМОВА, ЕСКЕРТКІШТІҢ ИДЕЯ АВТОРЫ, ЖУРНАЛИСТ:

Қазақ халқының көбеюіне септігін тигізген өсімдік. Ал сондай өсімдікке біз қалайша ескерткіш қоймаймыз. Бұл өсімдік  туралы, егер де ғаламтордан іздесеңіз, ешқандай  дерек жоқ. Бір ғана дерек бар, құмаршық  далада, құмда ғана өседі, мал азығы,- дейді.Бірақ оны қазақ халқының азық , құнарлы тағам ретінде  пайдаланғанын көп жерде айтпайды. Айтатын жер - ол Атырау облысының тұрғындары.

Айта кетейік, «құмаршық дәні» композициясы поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова ескерткішінің маңында, шаһардың орталық көшелерінің бірінде тұр.

Б. Нәдірқызы